Мұндай сын бұрын-соңды болған емес. Сенатор білім беру жүйесіндегі тағы бір проблеманы айтты

5 Қараша 2020, 13:43
15741
Бөлісу:
Мұндай сын бұрын-соңды болған емес. Сенатор білім беру жүйесіндегі тағы бір проблеманы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздің білім беру жүйесі Кембридж моделіне көшкенімен, оны практика жүзінде сараптамадан өткізбеген. Бұл туралы Премьер-министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдаған сенатор Бақытжан Жұмағұлов айтты.

Оқулық туралы сын бұрын да айтылатын. Алайда 2016 жылдан бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан мұндай сын бұрын-соңды болған емес. Неге? Өйткені білім беру жүйесі Кембридж моделіне көше отырып, оны практика жүзінде сараптамадан өткізбеді. Оқулықтар асығыс, үстірт жазылды, жыл сайын үш сынып осы жүйеге көшірілді. Авторлар мен сарапшылардың жеткілікті деңгейде дайындығы мен айтарлықтай тәжірибесі болмады. Әрі оқу пәндері қалыптасқан модельге сәйкес келмеді. Осылай оқулықтардың құрылымы мен мазмұны түбегейлі өзгеріске ұшырады. Оның салдары қазір көрініп отыр. Қоғам оқулықтардың мәтінін, грамматикалық қателерін, безендірілуін, басқа да кемшіліктерді сын тезіне алып жатыр. Сындарлы сынды қабылдау қажет, - деді  депутат.
Ол мұның түпкі себебі стандарттар мен оқу бағдарламаларында жатыр деп есептейтінін, оқулықтар соның негізінде жазылғанын естен шығармау керектігін айтты.
Қажетті зерттеулер, әдістемелік кешенсіз, оқу бағдарламаларын жаңа тұжырымдамаға сай қайта құру, жаңа мазмұнмен толықтыру жағдайында жүргізілмеді. Барлық мектеп бағдарламаларының мазмұны өте қысқа мерзімде қайта жаңғыртылды. Көптеген мектеп пәндерінің құрылымы мен мазмұны өзінің методологиялық жүйесінен, тұтастығынан, пәнаралық және деңгейаралық жағдайынан айырылып қалды. Оқушылардың жеке деңгейі ескерілместен оқу материалдары толықтырылды, - дейді сенатор.

Оқулықтар дайындалып қойылғаннан кейін оқу бағдарламаларының барлығына дерлік өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. 

Мысалы, бастауыш білім жөніндегі типтік оқу бағдарламасына 3 рет өзгеріс енгізіліп, бекітілген. Яғни, жобалар оқулық авторларына көрсетілместен жасалған. Сапалы бағдарлама болмаса, сапалы оқулық жазыла ма? Әу бастан оқу бағдарламалары кітап авторларына, мұғалімдерге түсінікті болып, кереғар пікір тудырмауға тиісті. Бірақ жағдай осылай қалыптасты. Неге? Мұның бір себебі - Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академия қызметкерлерінің ғылыми атағы мен жалақысының төмендігінде ме деп ойлаймыз. Өйткені нормативтік-құқықтық құжаттар осында дайындалады, - деді Бақытжан Жұмағұлов.

Академияның 85 қызметкерінің 24 пайызының ғана ғылыми дәрежесі бар (3 - ғылым докторы, 3 - PHD, 17- ғылым кандидаты) екен. Бас ғылыми қызметкердің жалақысы - 119 526 теңге, жетекші ғылыми қызметкер айына 106 678 теңге алады, аға ғылыми қызметкердікі 95 192 теңге, ал ғылыми қызметкердің алатыны 81 955 теңге. 

Мұндай айлықпен отырған адамнан қандай сапалы жұмыс күтуге болады? Айта кетелік, бұл - еліміз бойынша орташа айлықтан екі есе төмен. Ендігі мәселе сараптама өткізудің рәсімі мен тетіктерін жетілдіру болып табылады. Оқулық шығарушы басылымдардағы сарапшылардың деңгейін жаңа деңгейге көтеру қажет. Олардың кәсіби деңгейін көтерудің әдістемесін жасап, сарапшылардың біліктілігі мен жауапкершілік деңгейін айқындау қажет, - деді депутат.

Өзгелердің жаңалығы