Экономист Айбар Олжай "15 минуттық экономика" жобасының кезекті шығарылымын Қазақстан экономикасының 2025 жылғы қорытындысына арнады. Айтуынша, жыл толық аяқталмағанымен, 11 айдың ауанын қарап, болжамды модельге салып, алдын ала белгілі бір шешімге келе беруге болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мұнайдан тыс серпін: 2025 жыл Қазақстан экономикасына не әкелді?
Экономистің пайымдауынша, 2025 жыл Қазақстан экономикасы үшін табысты жыл болды. Елдің жалпы ішкі өнімі айтарлықтай өсіп, негізгі көрсеткіштердің барлығында оң динамика байқалды.
Биылғы бір ерекшелік, экономикалық өсім сегменттер бойынша жан-жақты өсті. Бізді өнеркәсіп, көлік, логистика, құрылыс, қызмет көрсету сияқты салалар алға итермеледі. Яғни тек мұнайға ғана қарап қалғанымыз жоқ. Сонымен қатар, халықаралық резервтер айтарлықтай ұлғайып, Ұлттық қордың активтері өсті. Сыртқы қарыз деңгейі де тарихи ең жоғары межеге жетті. Мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдері жоспардағыдан асыра орындалып, халықаралық рейтингтік агенттіктер Қазақстанның экономикалық тұрақтылығын жоғары бағалады, – деді сарапшы.
6,4 пайыздық өсім: болжамнан жоғары нәтиже қалай қалыптасты?
Сарапшы 2025 жылы Қазақстан экономикасы оң қарқында өсуді жалғастырғанын алға тартты. Жыл басынан бері 11 айдағы алдын ала деректер бойынша ел экономикасының өсімі шамамен 6,4% деңгейінде болды. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл өткен жылдардағы көрсеткіштерден жоғары және әлемдік орташа өсімнен де озық нәтиже саналады. Үкіметтің мәліметінше, жыл соңында жалпы ішкі өнімнің өсімі 6,3–6,5% аралығында күтілуде. Тіпті жылды осы 6,4 пайыз аяқтаса да жаман емес болар еді, – дейді Айбар Олжай.
Себебі, бұл көрсеткіш бастапқы болжамдардан да асып түсті және еліміздің қазіргі экономикалық бағытының дұрыстығын көрсетеді. Экономика құрылымының әртараптануы мен ішкі сұраныстың артуы осындай жоғары өсімге негіз болды деп айтуға болады.
Өндіріс, құрылыс және қызмет көрсету
Сарапшы Экономикалық өсімнің негізгі драйверлерін атады. Олар: өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс және сауда секторлары. Ресми деректерге сүйенсек, тауар өндірісі жалпы экономикалық өсімнен де жоғары қарқында, жылдық есепте 8,2% өсім көрсеткен, ал қызмет көрсету саласы 5,3% деңгейінде ұлғайды.
Бұл дегеніміз, экономиканың өндіруші және өңдеуші секторлары да, қызмет көрсету, сауда сияқты салалары да қатар өскенін білдіреді, – деді ол.