Мүгедектігі бар азаматтар үшін қолайсыз өңірлер қандай?

6 Қараша 2024, 09:32
322
Бөлісу:
Мүгедектігі бар азаматтар үшін қолайсыз өңірлер қандай?
Фото: BAQ.KZ архив

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мүгедектікті бар азаматтар үшін қолайсыз өңірлерді атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінгі таңда Қолжетімділіктің интерактивті картасында 43 312 объект тіркелген. 19 421 объект немесе 45% толығымен бейімделген. Өңірлік аспектіде 6 облыс бойынша жоспардан (40%) төмен көрсеткіштер байқалады. Олар - Алматы қаласы, Ұлытау, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Павлодар облыстары. Жыл басынан бері әлеуметтік инспекторлар әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына мүгедектігі бар адамдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мәніне 2344 тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 826 нұсқама берілді, жалпы сомасы 199,2 млн теңгеге 798 әкімшілік айыппұл салынды, - деді Еңбек министрі үкімет отырысында.

Жақыпова мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік қолдау проактивті форматта көрсетілетінін айтты.

Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қызметтер көрсетіледі. Онда техникалық оңалту құралдары бойынша 794 өнім беруші, ымдау тілі қызметін көрсету бойынша 760 өнім беруші, 122 санаторийлік-курорттық ұйым тіркелген. Осы жылы олар 770,7 мың техникалық оңалту құралын іске асырды, 26,6 мың жеке көмекшінің қызметі көрсетілді, 80 мың санаторийлік-курорттық емдеу қызметі және ымдау тілі бойынша 8,6 мың қызмет ұсынылды, - деді ведомство басшысы.

Еске салайық, бұған дейін Еңбек министрі елімізде мүгедек балалардың саны өсіп бара жатқанын айтқан еді.

Өзгелердің жаңалығы