Мүгедектердің тең жартысы кедергісіз ортаға мұқтаж

2 Сәуір 2021, 11:26
1388
Бөлісу:
Мүгедектердің тең жартысы кедергісіз ортаға мұқтаж

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысында мүгедектердің тең жартысы кедергісіз ортаға мұқтаж. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалында өткен қоғамдық кеңес отырысында айтылды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Дина Ахметжанованың хабарлауынша, өңірде мүгедектігі бар адамдардың жартысына жуығы – 15 мың адам кедергісіз ортаға мұқтаж.

Олардың арасында арбамен жүретін адамдар ғана емес, тірек-қимыл аппараты, көру және есту қабілеті бұзылған адамдар да бар. Облыс әкімі бекіткен «Жол картасы» бойынша 2019 жылы бейімделуді қажет ететін 1 672 нысан анықталды. Оның 384-інде былтыр барлық жұмыс аяқталуы тиіс еді. Алайда іс жүзінде 384 нысанның тек 253-і ғана толық бейімделуден өтті, - дейді Дина Ахметжанова.

Оның айтуынша, 2021-2022 жылдары жоспар бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін маңызды 538 мемлекеттік және жеке нысанды қолжетімді ету қажет.

Мысалы Есіл ауданында санитарлық-гигиеналық бөлмелер, табалдырықтар, автотұрақтар жоқ. Интерактивті карта бойынша прокуратура, аудандық сот, полиция бөлімі, мәдениет үйі ішінара бейімделген. Қорғалжын ауданында аудан әкімі аппаратының ғимараттарында, орталық аудандық ауруханада, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы АҚ филиалында нашар көретіндерге бейімделу жоқ. Негізгі себептердің бірі – қаражаттың жетіспеуі және бейімделуді қажет ететін ғимараттардың тірек конструкцияларын өзгерту мүмкін еместігі болып отыр, - дейді басқарма басшысы.

Оның мәлімдеуінше, кейбір нысан интерактивті карта порталының жұмысында туындайтын проблемаларға байланысты әлі де толық бейімделмеген. Айталық, егер өткен ғасырдың 60-90-жылдары салынған ғимаратта лифт көзделмесе, нысан мүгедек адамдардың мұқтаждықтарына бейімделмеген болып есептеледі.

Автобус аялдамалары нашар көретіндерге арналған ақпараттық карталар және арбадағы адамдарға арналған кірме жолдармен жабдықталуы немесе инватакси қызметі жандандырылуы тиіс. Осы ретте кәсіпкерлермен жеке нысандарда кедергісіз орта құрудың көзделген әлеуметтік маңызы бар нысандарды бейімдеу жүз пайызға орындалған өңірлер де бар. Бұл – Целиноград, Аршалы, Ерейментау аудандары және Степногорск қаласы, - дейді Дина Ахметжанова.

Отырыста өңірде мүгедектер үшін «Кедергісіз орта» қалыптастыруда туындап отырған мәселелер де айтылды. Айталық, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының ғимаратында арбамен жүретін адамдарға арналған лифт қарастырылмаған. Өңірде осындай ғимараттар көп және олардың барлығын қалыпқа келтіру мүмкін емес.

Мүгедектігі бар адамдар жиі баратын негізгі нысандарды бейімдеуге қол жеткізуге болады. Ол үшін нысандардың бейімделу мерзімін нақты белгілеу қажет. Егер қаланың немесе кенттің шағын ауданында бірнеше дәріхана орналасқан болса, олардың қайсысына мүгедектігі бар адамдар жиі баратынын анықтау керек және дәл осы нысанды бейімдеуді талап ететін тізімге енгізу қажет, - деп атап өтті Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары айтуынша Ғалым Бекмағамбетов.

Өзгелердің жаңалығы