Мұғалімдердің табысы көбейді, бірақ инфляция өсімді «жеп қойды»

14 Қыркүйек 2023, 12:09
700
Бөлісу:
Мұғалімдердің табысы көбейді, бірақ инфляция өсімді «жеп қойды»
Фото: BAQ.KZ - архив

Білім беру саласындағы жалақының сатып алу қабілеті 5% төмендеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Биыл екінші тоқсанда білім беру саласында жұмыспен қамтылғандар саны 1,2 млн адам болды, бұл былтырғыдан 3,3% артық.

finprom.kz-тің мәліметінше, жұмыспен қамтылғандардың ең көп саны Түркістан облысында: 147,8 мың адам, бір жылда 2,1% азайған. Одан кейін Алматы (112,1 мың адам, 14,9% көбейген) және Жамбыл облысы (83,4 мың адам, 1,3% көбейген).

Жұмыспен қамтылғандардың ең азы Ұлытау облысында: бар болғаны 14,6 мың адам, 6,2% көбейген.

Биыл екінші тоқсан қорытындысы бойынша, білім беру саласы қызметкерлерінің атаулы айлық орташа жалақысы 323,2 мың теңгеге жетіп, былтырғымен салыстырғанда ақшалай түрде 10,2% көбейді. Алайда инфляцияны есепке алғанда нақты жалақы индексі 95,2%-ды құрады, яғни саладағы жалақының сатып алу қабілеті 4,8% төмендеді. Салыстыру үшін: орташа республикалық номиналды жалақы 365,5 мың теңгені құрады, нақты мәнде бір жылда 1,2% көбейген.

Өңірлер бойынша білім беру саласындағы ең жоғары жалақы Астана қаласында: 468 мың теңге — былтырғыдан ақшалай түрде 13% артық. Елордадағы жалақы республикалық көрсеткіштен 44,8% жоғары. Екінші және үшінші орындарда Алматы (360 мың теңге, 7,2% көбейген) мен Маңғыстау облысы (339,2 мың теңге, 4% көбейген). ҚР-ның 20 өңірінің 6-да ғана білім саласы қызметкерлерінің жалақысы республикалық орташа деңгейден жоғары, - деп жазды finprom.kz.

Биыл екінші тоқсанда ең төменгі жалақыны мектепке дейінгі білім беру саласының қызметкерлері алды: бар болғаны 168,8 мың теңге, бір жылда ақшалай 14,6% көбейді. Бастауыш білім беру саласының қызметкерлері 268,3 мың теңге (10,2% көбейген), орта білім беруде — 376,9 мың теңге (9,7% көбейген), жоғары білім беруде — 354,4 мың теңге (9,7% көбейген) алды.

Білім беру саласындағы көмекші қызмет қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы 259,1 мың теңге (ақшалай өсім 19,5%), білім берудің басқа түрлері қызметкерлері 246,9 мың теңге (11,3% көбейген) алады.

Өзгелердің жаңалығы