Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мектеп бітіру кештеріне қатысты пікір білдіріп, мәселені тек тыйым салу арқылы шешу мүмкін емес екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың сөзінше, мектеп бітіру кештерін шектеу мәселесі парламент емес, тиісті министрліктер деңгейінде қарастырылып жатыр.
Біз оған тыйым салып отырған жоқпыз. Бұл – министрліктердің ұсынымдары мен шешімдері. Бірақ соңғы он жылды қарасақ, осындай шектеулер бұрын да болған. Алайда олардың қаншалықты тиімді болғаны – үлкен сұрақ, – деді Аймағамбетов.
Оның айтуынша, қатаң тыйым кей жағдайда кері әсер беруі мүмкін.
Тыйыммен барлық мәселе шешілетін болса, көптеген проблема баяғыда шешілер еді. Кейбір жағдайда балалар ешқандай ата-ананың бақылауынсыз коттедждерді жалдап, өздері кетіп қалады. Қазір ондай жерді жалдау проблема емес. Сол кезде түрлі қауіптің туындау ықтималдығы артады, – деді депутат.
Аймағамбетов мектеп бітіру кештеріндегі негізгі тәуекелдердің бірі – шамадан тыс шығын екенін айтты.
Кейбір ата-аналар чаттарында 300 мың теңге, 500 мың теңгеге дейін ақша жинау туралы айтылып жатыр. Бұл әр отбасының қалтасы көтеретін қаражат емес. Мектеп ешкімді мәжбүрлеп отырған жоқ, көбіне мұның бәрі ата-аналардың өз бастамасынан шығады, – деді ол.
Депутат қымбат ресторан, лимузин және түрлі салтанатты форматтардың да қауіп тудыратынын атап өтті.
Лимузин жалдау, жолдағы апаттар, түрлі тәуекелдер бар. Сондықтан мұндай мәселелерге де назар аудару керек, – деді Мәжіліс депутаты.
Сонымен қатар ол мектеп бітіру кешінің эмоциялық маңызы зор екенін айтты.
Әрине, соңғы қоңырау өтеді. Балалар вальс билейді, мұғалімдерге алғыс айтады. Бұл – өте маңызды эмоция. Оны ешкім жоққа шығарып отырған жоқ. Бірақ мәселе – аста-төк форматта емес, – деді Аймағамбетов.
Депутат барлық жауапкершілікті мектепке артып қою дұрыс емес екенін де атап өтті.
Бұған бірінші кезекте ата-аналар жауапты болуы керек. Ішкі істер органдары да бақылауға алуы қажет. Мұғалімдер түнде ресторан күзетіп жүрмеуі керек. Біз кей жылдары сондай жағдайларды көрдік. Сондықтан бұл тек мектептің проблемасы емес, – деді ол.
Бұған дейін ол мұғалімдерге ақша жинау жайлы да пікір білдірген еді.
Оқи отырыңыздар: "Мен басқалардан қалып қойдым ба?": Мектеп бітіру кеші психологиялық қысымға айналып бара ма?