Мұғалімдер портфолиосын қалай тапсырады?

27 Сәуір 2021, 13:08
11576
Бөлісу:
Мұғалімдер портфолиосын қалай тапсырады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында вице-министр Шолпан Каринова айтты.

Мұғалімдерді аттестаттаудың жаңа жүйесін енгізуге дейінгі аралықта құжаттарды қабылдау қағаз түрінде болды. Оның ішінде бірнеше деңгейден тұратын аттестациялық комиссияларда өтініштерін қарастыру мәселесі болған. Сонымен қатар тапсырылатын барлық құжат қағаз түрінде тапсырылып келді. Ал мұғалім өз нәтижелерін көргісі немесе өзінің сұрақтарын апелляцияға бергісі келсе, онда нәтижесін көріп, талдау жасап барып беру мүмкіндігі болмаған, - деді ол.

Бүгінгі күні бұл жүйе толық автоматтандырылған. Біріншіден, әр мұғалім өзінің аттестациялау жүйесінде қай санатқа тапсыратындығын қарап, тиісті деңгейін анықтап, құжаттарды онлайн форматта тапсырады.

Өтініш тапсыру кезінде өзіне қолайлы уақытты, күнді таңдайды. Тестілеу кезінде «бір камера-бір қатысушы» қағидатымен және өзінің нәтижелерін бірден көріп, талдау жасап, апеллияция берсе, жауаптарын бір күннің ішінде алуға мүмкіндіктері бар, - деп түсіндірді Шолпан Каринова.

Сонымен бірге барлық қазақстандық мұғалім бір жүйеде бір оқу бағдарламалары арқылы осы тестілеуден өтеді.

Биылдан бастап мұғалімдер портфолиосын автоматтандырылған жүйеде тапсырады. Мұғалімнің курстан өтуі, олимпиада, конкурстарға қатысу сияқты материалдар мұғалімнен сұралмайды. Олардың бәрі электрондық жүйеден шығарылып, алынып отырады. Бұл аттестаттау жүйелерінің өзгертіліп, аттестаттау процесіне ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін құжаттар, - дейді БҒМ өкілі.

Өзгелердің жаңалығы