Коронавирус: Наурыз айынан бері тестілеуге 169,2 млн теңге бөлінді

21 Шілде 2020, 17:58
1233
Бөлісу:
Коронавирус: Наурыз айынан бері тестілеуге 169,2 млн теңге бөлінді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы наурыз-маусым аралығында коронавирус инфекциясын диагностикалау үшін 13,7 мың ПТР-зерттеулеріне 169,2 млн теңге қаржы бөлді, деп хабарлады филиалдың баспасөз қызметі.  

Олардың ішінде 6,2 мың тест стационарларда, 7,5 мың тест бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) дәрігерлерінің жолдамасы бойынша жүргізілді. ПТР-тестілеу халыққа қолжетімді болу үшін Қор филиалы аталған қызмет түрін ұсына алатын зертханасы бар 9 медицина ұйымын іске тартты, - деп атап өтті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Айдар Ситказинов.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, зертханалар санын 59-ға арттыру нәтижесінде қазір тәулігіне 32 000 тест жасай алады. Оның ішінде санитарлық-эпидемиологиялық қызмет желісі бойынша - 23, жеке медициналық зертханалар - 20,  медициналық ұйымдардағы зертханалар - 16.

Еске салайық, төменде көрсетілген топтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қаражаты есебінен ПТР-тестілеуден тегін өтеді:

• инфекциялық стационарларда жатқан пациенттер;
• провизорлық стационардағы COVID-ке күдік бар пациенттер;
• емдеуші учаскелік дәрігердің жолдамасымен барған азаматтар;
• жедел респираторлы вирустық инфекция (ЖРВИ) және пневмония симптомдары бар азаматтар.

Осы аталған топтарды тестілеу үшін Қор емханалармен, отбасылық амбулаториялармен келісімшарт жасады. Ал олар өз кезегінде зертханалармен шарт жасасты. Тестілеу карантин изоляторына жатқызылған вирустың симптомсыз тасымалдаушыларына да жасалады. Бұдан басқа, жоспарлы емдеуге жататын пациенттер де (жүкті әйелдер, шұғыл емге жатқызылатын  пациенттер) ПТР-тест тапсырады.

Медициналық сақтандыру қоры көрсетілген қызметтерге ақы төлеу бойынша медициналық ұйымдар алдындағы өзінің барлық міндеттемесін орындады. Қызметтерге ақы төлеу медициналық ақпараттық жүйелердің көмегімен Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тарифтер бойынша жүргізіледі.

Өзгелердің жаңалығы