МСҚ: Карантин кезінде елорда тұрғындары қандай медициналық қызметтерге жүгінді?

22 Мамыр 2020, 10:58
1442
Бөлісу:
МСҚ: Карантин кезінде елорда тұрғындары қандай медициналық қызметтерге жүгінді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Статистикалық деректерге қарағанда, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша карантин кезінде ауруханалардың қабылдау-диагностикалау бөлімдеріне барушылардың жалпы саны азайған

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі. 

Бұрын, карантин кезеңіне дейін тәулігіне 150 пациентке дейін, ал ЖРВИ сырқаты көбейетін кезде тәулігіне 200 пациентке дейін келсе, қазіргі уақытта медициналық көмекке жүгінушілер саны 50-ге дейін азайған. Бірінші кезекте бұл карантин шараларына байланысты: жолдар жабық, блок-посттар қойылған, нәтижесінде аймақтардан келетін пациенттер жоқтың қасы, тұрғындар арақашықтықты сақтау, қолды жиі сабындап жуу секілді қорғану шараларына және аса қажет жағдайда ғана болмаса үйден шықпауға көңіл аударған.

Филиалдың медициналық қызмет сапасын мониторингтеу бөлімінің жетекшісі Сандуғаш Болысбекованың айтуынша, карантин кезінде көбіне ішек инфекциясы, ас қорытудың бұзылуы секілді шағымдармен, ЖРВИ-мен, оның асқынуы салдарынан басқа ауруларының қозуына байланысты медициналық көмекке жүгінушілер болған. 

Сондай-ақ, карантин кезінде Кавасаки синдромы бар балалар стационарға түсті. Кавасаки – кардиомиопатиямен және пневмониямен өтетін өте ауыр сырқат, оларда COVID-19 тексеріліп, теріс нәтиже  берген соң, стационарда емдерін жалғастырды. Жалпы, пандемия кезінде, қала тұрғындары өз денсаулықтарына  жауапкершілікпен қарағаны байқалады. Екінші жағынан,  емдеу мекемелерінде карантин жариялануы, негізінен COVID-19 ерекше назарға алынуы жіті және созылмалы аурулары бар науқастардың тексеруден өтіп, бейінді стационарға жатып ем алуына қиындық туғызды, - деді ол.

Елордадағы емханалар қызметіне тоқталған Сандуғаш Болысбекова төтенше жағдай уақытында емханалар өздеріне тіркелген тұрғындарға толық көлемде медициналық қызмет көрсеткенін айтты. 

Учаскелік дәрігерлер мен салалық мамандар негізінен қашықтықтан кеңес берді. Көбіне медициналық көмекке жүгінгендер: жоғары қан қысымы (артериальды гипертензия), қант диабеті, тірек-буын аурулары бар науқастар. Балалар мен ересектерді қарайтын фильтр кабинеттер жұмыс істеді.  COVID-19 күдіктенген пациенттерді қарады. Жедел және ПТР тесттер жасалады. Сондай-ақ, учаскелік мейірбикелер мен әлеуметтік қызметкерлердің көмегімен 60 жастан асқан зейнеткерлерге, балаларға, жүкті әйелдерге және мүмкіндігі шектеулі жандарға дәрі-дәрмектері мен маскалар үйлеріне жеткізілген, - деді ол. 
Жалпы қадағалау нәтижесінде, карантин кезінде тұрғындардың зертханалық талдаулар, ЭКГ, пульсоксиметр, өкпені түсіретін рентген, учаскелік дәрігерлер, хирург, травматолог, эндокринолог, невропатолог мамандары секілді медициналық қызметтерге жүгінгені анықталды.
Өзгелердің жаңалығы