МСҚ: Елордалықтарға 21 қызмет жеткізуші стоматологиялық көмек көрсетеді

9 Қазан 2020, 11:57
1107
Бөлісу:
МСҚ: Елордалықтарға 21 қызмет жеткізуші стоматологиялық көмек көрсетеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылдың 8 айында көрсетілген 156 539 стоматологиялық қызмет үшін «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» 266 миллион теңге төледі. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

1 қыркүйектегі жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласында  21 жеткізуші стоматологиялық қызмет көрсетеді. Олардың ішінде, мемлекеттік – 11, жекеменшік клиникалар - 10. Биыл Қор жеткізушілерінің саны 2019 жылмен салыстырғанда біраз өсті, өткен жылы 1 мемлекеттік және 4 жекеменшік клиника, барлығы 5 жеткізуші стоматологиялық көмек көрсеткен болатын. 

МӘМС жүйесінде жоспарлы стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге тегін көрсетіледі. Шұғыл стоматологиялық көмекті 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, ІІ Дүниежүзілік соғыс ардагерлері, І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жасы бойынша зейнеткерлер, әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратындар, мүгедек балаға күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар, бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар ала алады.

Ортодонтиялық көмек жақсүйек-бет аномалияларын жоюға арналған аппаратты пайдалана отырып, жақсүйек-бет аймағының туа біткен патологиясы бар 18 жасқа дейінгі балаларға көрсетіледі.

Сондай-ақ биылдан бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры МӘМС пакеті бойынша әлеуметтік қорғалмаған отбасылардан шыққан балаларды – атаулы әлеуметтік көмек алушыларды қолдауды қарастырған. 6 жастан 12 жасқа дейінгі балаларға түрлі жақсүйек-бет аймағының ауытқулары (тістем бұзылулары, жақтың микрогнотиясы) кезінде ортодонтиялық көмек көрсетілетін болады. 

Елордада тегін стоматологиялық көмек алуға құқылы пациент емханаға да, стоматологиялық клиникаға да жүгіне алады. Бұл ретте стоматологиялық қызмет көрсететін клиника Қордың әлеуетті қызмет жеткізушісі және әлеуетті қызмет жеткізушілер тізілімінде болуы маңызды. Шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсету пациенттің еркін таңдауы негізінде жүзеге асырылады (бала – ата-ана немесе заңды өкіл болған жағдайда) және пациенттің тіркелген жері бойынша учаскелік дәрігердің жолдамасының болуы талап етілмейді. Қызмет көрсету фактісі және стоматологиялық көмек көлемі ақпараттық жүйеде тіркеледі, бұл алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымы мен стоматологиялық клиникалар арасында бірлесіп орындау шартын жасасуға негіз болады, ол ақпараттық жүйеде автоматты түрде қалыптастырылады, - делінген хабарламада.

Айта кету керек, көрсетілген қызметтерге ақы төлеу пациенттің тіркелген жері бойынша  алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымы (емхана) арқылы жүргізіледі. Көрсетілген қызметтер нақты қызмет көрсету дерегі (факт) бойынша ақпараттық жүйеге енгізіледі.

Өзгелердің жаңалығы