Моңғолияда Бубон обасына байланысты карантин енгізілді

26 Шілде 2020, 12:50
2600
Бөлісу:
Моңғолияда Бубон обасына байланысты карантин енгізілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жақында Говь-Алтай елді мекенінде Бубон обасын жұқтыру салдарынан 15 жасар жасөспірімнің қайтыс болғаны туралы хабарланған болатын.

Моңғолияның батысында орналасқан Завхан елді мекенінде жергілікті тұрғын Бубон обасын жұқтырды деген күдікпен белгісіз мерзімге дейін карантинге жатқызылды деп жазды Синьхуа агенттігі жергілікті билікке сілтеме жасап.

Бір апта бұрын Улиастайдың 39 жастағы тұрғыны отбасымен бірге суыр етін жеп болғаннан кейін жоғары температура, бас, бұлшықеттердің ауыруы сияқты сырқат белгілері білінген. Ал көп жағдайда суыр Бубон обасының тасымалдаушысы болып есептеледі.

Оба жұқтырды деген күдікті жергілікті ауруханадағы арнайы оқшауланған бөлмеге жатқызылды. Онымен байланысқа түскен кем дегенде тоғыз адам үйде оқшаулану ережесін сақтауға міндеттелді, - деп жазды басылым. 

Бұрын Бубон обасы Ішкі Моңғолия (ҚХР) Баян-Нұр қаласында мал өсірушілерден расталған болатын. Сонымен қатар, оба Моңғолияның батысында - Алтай Республикасымен шектесетін аймақта анықталды. Екі адам ауырып қалды. Ұлан-Батордағы Ресей елшілігінің баспасөз қызметі Моңғолия билігі бірден қажетті шараларды қолға алғанын, алаңдауға еш себеп жоқ екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ, Говь-Алтай провинциясында Бубон обасын жұқтыру салдарынан 15 жастағы жасөспірімнің қаза тапқаны туралы хабарланды. Жасөспірім ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмды. Қайтыс болғанға дейін үш күн бұрын ол достарымен бірге суыр етін жегені анықталды.

Оба - өлім-жітім көрсеткіші жоғары және жіті жұқпалы ауру. Табиғи ошақтарда инфекцияның негізгі көзі әдетте, кеміргіштер - суырлар, саршұнақтар, егеуқұйрықтар, ал тасымалдаушысы бүргелер болып келеді.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният Моңғолияда анықталып жатқан Бубон обасына қатысты пікір білдірген болатын.   

Өзгелердің жаңалығы