Моңғолия Сыртқы қатынастар министрінің Қазақстанға алғашқы ресми сапары өтті

13 Қазан 2021, 21:29
47304
Бөлісу:
Моңғолия Сыртқы қатынастар министрінің Қазақстанға алғашқы ресми сапары өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. АӨСШК мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің 6-шы отырысына қатысу шеңберінде Қазақстан-Моңғолия қатынастары тарихында алғашқы рет Моңғолия Сыртқы істер министрі Батмунхийн Батцэцэгтің Қазақстан Республикасына ресми сапары өтті.

Сапар барысында Моңғолия сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминмен, ҚР Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушысы Ақан Рахметулинмен, сондай-ақ басқа да мемлекеттік мекемелер және ұйымдардың басшыларымен кездесті.

Аталған кездесулердің барысында екіжақты саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, сондай-ақ тараптардың БҰҰ, АӨСШК, ШЫҰ және басқа да өңірлік және халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ықпалдастығы талқыланды.

СІМ-дегі кездесуде биылғы Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тауар айналымының оң динамикасын атап өтіп, сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының жұмысын күшейтуге ниет білдірді. Сонымен қатар, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың және ғылыми бағдарламалардың маңыздылығы атап өтілді.

Өз кезегінде, Б. Батцэцэег моңғол тарапының ауыл шаруашылығы және тау-кен өнеркәсібі салаларындағы бірлескен іс-қимылды кеңейтуге дайындығын білдірді. Тараптар Моңғолиядағы қазақ диаспорасы екіжақты ынтымақтастықтың дамуына оң серпін тигізетін «жанды көпір» болып табылатынын атап өтті.

Сапар барысында екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасында 2021-2024 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды.

Өзгелердің жаңалығы