Бүгін Ұлан-Батырда Қазақстан-Моңғолия үкіметтерінің Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі комиссиясының 9-шы отырысы өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлан-Батырға келген қазақстандық делегацияға Ақпарат және қоғамдық даму министрі, Қазақстан-Моңғолия Үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Дархан Қыдырәлі басшылық етеді.
Осы сапар барысында Дархан Қыдырәлі Моңғолияның Білім және ғылым министрі Лувсанцэрэн Энх-Амгаланмен кездесті.
Моңғолия Қазақстан үшін сенімді серіктес саналады және еліміз әртүрлі салалардағы өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға үлкен мән беріп келеді. Халықаралық ұйымдарда да тығыз әріптестігіміз бар. Осы орайда екі ел арасында білім және ғылым, ақпарат, археология саласында, әсіресе, ортақ музей ашу, көшпелілер тарихын бірге зерттеуде біріккен жұмыс істеуге ниетіміз бар. Күні кеше ғана Моңғолияның UBS арнасы мен «Хабар» телеарнасы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл бағыттағы жұмысымыз жалғасады, - деді Дархан Қыдырәлі.
Сонымен бірге Дархан Қыдырәлі министрліктің жұмысынан ақпарат беріп, алдағы уақытта бірге жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді.
Өз кезегінде Лувсанцэрэн Энх-Амгалан мырза қос мемлекет арасында тату-тәтті байланыс бар екенін және білім, мәдениет, археология саласындағы ортақ жобалар жасау туралы Дархан Қыдырәлінің ұсыныстарын қолдайтынын айтты.
Тараптар үкіметаралық гранттар аясында студенттерді оқыту, академиялық байланыс орнату, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды нығайту жайын талқылады.
Айта кетейік, Комиссия отырысында сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, ауыл шаруашылығы, көлік, мәдениет және спорт, білім және ғылым саласындағы ынтымақтастыққа қатысты мәселелер қаралады.