Моңғолияның Ұлы құрылына екі мәрте депутат болған қазақ

8 Қыркүйек 2020, 12:29
2766
Бөлісу:
Моңғолияның Ұлы құрылына екі мәрте депутат болған қазақ
EX PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Басқару ғылымының докторы, Моңғолияның өнеркәсіп қайраткері, энергетика басқару комитетінің бастығы Тілейхан Әлмәлікұлы Моңғолиядағы мансабы туралы айтып берді.

Ол - Моңғолия парламентіне екі рет депутат болып сайланған қазақтың бірі.

Моңғолиядағы мансап

Баян-Өлгей аймағының Цэнгэл ауылында дүниеге келдім. Сол жерден 10 жылдық қазақ мектебін бітіріп, инженер мамандығы бойынша университетке түстім. Оқу бітірген соң Моңғолиядағы ірі электр станциясына жұмысқа тұрып, жұмысшыдан бастап сол станцияның басшысына дейін 20 жыл жұмыс істедім. 1996 жылы энергетика басқармасының бөлім бастығы болып 12 жыл жұмыс істедім. 2008 жылы Баян-Өлгей аймағынан Парламент мүшелігіне өзімнің кандидатурамды ұсындым. Осы аймақтан Парламент мүшесі болып 4 жыл отырдым, кейін 2012 жылы қайта ұсынып, тағы 4 жылға сайланып, Парламентте 8 жыл жұмыс істедім, - дейді ол.

Тілейхан Әлмәлікұлы атағандай, өңірден 3 қазаққа орын береді, соның біреуіне ол тағайындалған.

Баян-Өлгей аймағындағы халықтың 90 пайыздан астамы қазақ. Парламентке қанша адам тапсырса да, қазақ шығады. Парламентте барлығы 76 мүше болады, соның 3-уі қазаққа берілетін орын. 2016 жылы энергетика басқару комитетінің бастығы болып тағайындалдым. Қазір 4-ші жыл сол жерде қызмет істеп жатырмын. Жалпы Үкіметке 44 жыл жұмыс істедім, - деп бөлісті ол.

Ол қарапайым шаруалар отбасынан шыққан.

Еңбек пен ерлік

Адал еңбектің арқасында осындай дәрежеге жеттім деп ойлаймын. Парламент мүшесі ретінде Моңғолияның 5-6 ұйымының жұмысын сапқа түсірген екенмін. 100-ге жуық ауылға электр жүйесін тарту сынды жұмыстарды атқардық. Энергетика саласының нарыққа шығуын 10 жыл зерттедім. Ғылыми жұмыс та жаздық. Парламенттегі 8 жылда білім, энергия, шаруашылыққа қатысты 52 заң бекіткен екенбіз, - дейді ол.

Отанның ошағы - отбасы

Тілейхан Әлмәлікұлының жұбайы бұрын Үкіметте жұмыста болған, қазір дәрігер. 4 баланы тәрбиелеп өсірген.

отбасы.jpeg

Үлкен қызымыз заңгер, ұлым қазір Америкада тұрып жатыр. Үшінші ұлым дәрігер, анасының қасында жұмыс істейді. Қазір Қытайда магистратураны оқып жатыр. Кіші қызымыз медициналық институтты тәмамдады. Қазір мектепте жұмыс істейді. Балаларымызды оқыту үшін еңбек еттік, қазір бәсекелестік басым заманда осындай қызмет атқарып жүр. Балалардың бәрі ағылшынды меңгерген. Өз арманыңа жету үшін білімді, жауапты болуың керек, - деді ол.

Моңғолия қазақтары

Оның айтуынша, Моңғолияда 100 мыңнан астам қазақ тұрады.

1912 жылы 30-дан аса ақсақал моңғолдың ханына «бізге жер бер, моңғол азаматы боламыз» деп алғаш батыс өлкеден жер алады. 1940 жылы қазақ аймағы құрылған. Бүгінде өз тілінде оқитын, өз діні мен өз дәстүрін ұстанатын осындай халге жеттік. 1990 жылға дейін Моңғолия қазақтары жақсы тұрды. Қазір де жағдай жақсы. Мектеп пен мешіттер де бар. Парламентте 3 адам, Үкімет пен министрлікте де адамдар отырады. Оның барлығы білімге қатысты, - дейді ол.

отбасы2.jpeg

Отанға оралу туралы ой

Елге оралу туралы 1990 жылдары ой болды. Ол кезде Моңғолияда да, Қазақстанда да жағдай қиын болды. 93-тің басында ұлы көш басталды. Алғашында еңбек шартымен, кейін толығымен көшіп кеткендер бар. Сол кездері Моңғолияда 125 мың қазақ болған, көш кезінде 60 мың қазақ Отанға оралды деген ақпарат бар. Соңғы кезде көші-қон азайды. Аздаған қазақ Моңғолияда болғаны дұрыс деп есептеймін. Себебі Қазақстан мен Моңғолия арасында көпір болуы керек қой. Қазақстан дербес ел болды. Қазақстанды «үлкен ауыл» деп айтамыз. Қазақ елінің тәуелсіз болғанына қатты қуанамыз, біздің тірегіміз деп айтамыз, - деді ол.

Моңғолия қазақтарына елден көмек керек пе?

Моңғолияда отырған азаматтарға көзге көрінетін көмек көрсетіліп жатқан жоқ. Қазіргі жастардың білім алуына септігін тигізсе дейміз. Қазір де Қазақстанда оқитын адамдар бар. Бірақ соның санын арттырса екен деген ниет бар. Тағы бір проблема, қазір жұмыссыздық басым. Ол тек қазақтар арасында ғана емес, ел көлемінде белең алып отыр. Жұмыспен қамту бойынша қазақ елінен көмек болса дейміз. Мұнда жастар мал шаруашылығымен айналысады. Малдан шығатын шикізат басым. Қазақстаннан инвестиция құйып, оны өндіретін кәсіпорын салып берсе деген ойымыз бар. Жұмыссыз жүрген жастарды шарт арқылы Қазақстанға апарып, қайта оқытып, жұмыспен қамтыса деген де ниет бар. Ол әрі қарай Қазақстанның азаматы да болып кетер еді. Біздегі қазақтың салт-дәстүрін ояту керек. Осы сынды ойлар бар, - дейді ол.

Тілейхан Әлмәлікұлының айтуынша, Ұлан-Баторда Қазақстанның елшілігінің ғимаратын салу бойынша жоба бар.

Ғимараттың қасынан Қазақстанның мәдениет орталығын соқса деп едік, онда қазақтар барып оқитын, білім алатын жағдай жасалса, нұр үстіне нұр болар еді. Әркез Қазақстанның жетістіктеріне қуанып отырамыз. Қазір 67-демін. Өзімді кәрі деп есептеп отырған жоқпын. Зейнетке де шыққан жоқпын әлі. Біздің артымыздан келе жатқан ізбасарлар бар. Парламентке мүше болған, басқарма, комитеттерді басқарып жүрген қазақтың жігіттері баршылық. Жастарды қолдап, қазақтың мүддесін қорғайтын ізбасарларды дайындап кету парызымыз деп ойлаймын. Бізді де қазақтың зиялы азаматтары қолдап, даярлап кетті. Біз де соған тырысамыз. Әлемнің 45 елінде болдым. Барған жердің барлығында қазақтың жастары жүреді. «Болашақ» бағдарламасымен оқып жүрген жастар көп екен. Олар қазақ елін халықаралық деңгейде көтеретін азаматтар ғой, - деді ол.

Парламентке сайланған қазақтар

1992 жылғы сайлауда Болат Әжіханұлы, Сұлтан Тәукейұлы (жазушы), Володя Қамбарұлы, 1996 жылғы сайлауда Сандалхан Раздақұлы, Болат Әжіханұлы, Сұлтан Тәукейұлына, 2000 жылғы сайлауда Сандалхан Раздақұлы, Жекей Қалидолдаұлы (генарал), Нығымет Оңғышұлына, 2004 жылғы сайлауда Мұрат Әукетайұлы, Сайран Қадырұлы (Моңғол елінің төтенше және өкілетті елші-министрі), Бәкей Ағыпарұлына (академик) 2008 жылғы сайлауда Тілейхан Әлмәлікұлы, Бәделхан Қабдсіләмұлы, Жекей Қалидолдаұлына, 2012 жылығы сайлауда (2 мандант) Тілейхан Әлмәлікұлы, Бәкей Ағыпарұлына, 2016 жылығы сайлауда Бәделхан Қабдсіләмұлы, Cұлтан Ғомбыжай, Мұрат Дәкейұлы мандатқа ие болды.

2020 жылғы Моңғолия Парламент сайлауының қорытындысы бойынша Моңғол халық партиясынан атын ұсынған үміткер Бәделхан Қабдісіләм Баян-Өлгей аймағынан қайта сайланды. Ол 23 379 дауыспен жеңіске жетті. Сонымен қатар, Моңғол халық партиясынан атын ұсынған үміткер Әубәкір Тілеухан 22 662 дауыспен екінші мандатқа ие болды. Үшінші мандатты демократиялық партиядан атын ұсынушы үміткер Бейсен Бұланұлы 22 448 дауыспен жеңіп алды. Биылғы Моңғолия Парламент сайлауына ел халқының 75 пайызы қатысқан.

Өзгелердің жаңалығы