MMA чемпионы қаза болды

12 Қыркүйек 2019, 10:54
1791
Бөлісу:
MMA чемпионы қаза болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өзбекстанда жаппай төбелес кезінде алған жарақаттары салдарынан 23 жастағы Муслимбек Омонов қаза болды, деп хабарлады Ташкенттің қалалық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметі.

Gazeta.uz хабарлауынша, көз жұмған жігіт аралас жекпе-жек жауынгері, Өзбекстанның кикбоксингтен 7 дүркін чемпионы, ММА бойынша Азия чемпионы болған.

Қайғылы оқиға қыркүйектің 10-нан 11-іне қараған түні 00:50 шамасында Юнусабад ауданындағы кафелердің бірінде болған. Кафеде отырған жас жігіттер арасында жанжал туындаған. Мәселені шешу үшін жігіттер көшеге шығып, Шайхантахур ауданына барып, сол жерде жаппай төбелескен.

Салдарынан Муслим Омоновпен қоса, төбелеске қатысқан 3 жігіт түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген. Алайда, дәрігерлер қанша тырысқанымен, спортшыны аман алып қала алмады. Көп ұзамай ол қайтыс болды.

«Аталған дерек бойынша Өзбекстан ҚК «д» пункті 104-баптың 3-бөлімі (қасақана ауыр дене жарақатын салу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Төбелеске қатысқандардың барлығы ұсталды. Тергеу амалдары жүргізілуде», - делінген ведомствоның хабарламасында.

Айта кетейік, 2018 жылдың тамыз айында Өзбекстанда "Аурум 898" түнгі клубының жанында ММА спортшысы Жамшид Кенжаев пен түнгі клуб күзетшісі арасында төбелес болып, алған жарақаттары салдарынан спортшы ауруханада қаза болған болатын. Аталмыш іс бойынша клубтың 4 күзетшісі істі болып, оның 3-еуі - 5 жылға, ал біреуі -18 жылға сотталған болатын.

 

Өзгелердің жаңалығы