Млн ұрласаң сотталасың, ал млрд ұрласаң бостандық па

10 Қыркүйек 2024, 16:03
1144
Бөлісу:
Млн ұрласаң сотталасың, ал млрд ұрласаң бостандық па
Фото: Арман Мухатов - архив

Осы мәселе төңірегіндегі сауал Активтерді қайтару жөніндегі ведомство төрағасына қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте журналистер тарапынан Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіковке сұрақ қойылды. 

Елімізде 10 млн теңгені ұрлап, заңсыз әрекет жасасақ, 5 жылға сотталып кетуіміз мүмкін. Ал, егер млрд қаржы ұрласақ, бостандыққа шығуға мүмкіндігіміз бар. Жалпы, құқық қорғау органдары адамдарды көп ұрлауға ынталандырып отыр ма?, - деп сұрады журналист.

Нұрдәулет Сүйіндіковтің сөзінше, адамдарға үкім шығару, оларға жаза тағайындау және шартты түрде босату - соттың құзіретінде. 

Сіз көтерген мәселеге біздің ведомство әсер ете алмайды. Сондықтан нақты жауап бере алмаймыз, - деді Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков.

Мәжіліс депутаты Марат Башимов бұл мәселені 2004 жылы көтергенін айтады.

Мен 2004 жылы осы сұрақты көтергенмін. Мұндай мәселе бар. Бір жылдары экономикалық қылмыс жасағандар жауапкершілікке аз тартылуы керек деп сөз қозғалды. Бұған жеке өзім қарсы болғам. Бұл мәселеде заңдағы өзгерістерге байланысты, - деп қысқа жауап берді депутат.

Еске салайық, активтерді қайтару жөніндегі заң былтыр Парламентте қабылданды. Заң нормалары 2023 жылдың 12 қыркүйегінде толығымен күшіне енді, содан бері жұмыс істеп келеді.

Сонымен қатар бүгін Нұрдәулет Сүйіндіков заңсыз активтерді ерікті қайтарған азаматтар қандай жауапкершіліктен босатылуы мүмкін екенін айтты.

Биыл 6 жылға сотталған экс-президенттің жиені Қайрат Сатыбалды бостандыққа шықты. Ол 700 миллиард теңгеден астам мүлікті өз еркімен мемлекетке өткізген еді.

Былтыр кәсіпкер Қайрат Боранбаев бостандыққа шыққан болатын. Қаржылық мониторинг агенттігі Қайрат Боранбаев өз еркімен мемлекетке 90 млрд теңгенің активтерін қайтарғанын мәлімдеді. Олардың арасында мұнай кен орны, газ тарату компаниясы, қонақ үй және сауда ойын-сауық кешендері бар. Артынша 33,75 млрд теңге тағы қайтарды.

Өзгелердің жаңалығы