Ұлттық кеңесте көтерілген мәселелер Президент әкімшілігінде талқыланды - Қарин

2 Қазан 2019, 14:14
2500
Бөлісу:
Ұлттық кеңесте көтерілген мәселелер Президент әкімшілігінде талқыланды - Қарин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ Ақордада Ұлттық кеңестің мүшелері тарапынан айтылған ұсыныстарды қарастыру Жоспары аясында алғашқы жұмыс жиналысы өтті. Бұл туралы Мемлекет басшысының кеңесшісі Ерлан Қарин мәлімдеді.

"Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаевтың төрағалығымен өткен жиналысқа түрлі мемлекеттік органдардың (Бас прокуратура, ІІМ, Әділет министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі), Президент әкімшілігінің құрылымдық бөлімдері - Ішкі саясат бөлімі, Мемлекеттік құқық бөлімі, Құқық қорғау жүйесі бөлімі басшылары қатысты" - деп жазды ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуына қарағанда, жиналыстың негізгі тақырыбы митингтер туралы заңнаманы жетілдіруге арналды. 

"Митингтер туралы заңнаманы жетілдіру қажеттілігі туралы Президент өз Жолдауында және Ұлттық кеңестің алғашқы отырысындағы сөзінде айтқаны белгілі. Талқылауға Ұлттық кеңестің мүшелері - Мұхтар Тайжан, Жеміс Тұрмағамбетова, Асылбек Қожахметов, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимова қатысты, сонымен бірге талқылауға шақырылған сарапшы, белгілі құқық қорғаушы Евгений Жовтис Алматы қаласы Қоғамдық кеңесі дайындаған бейбіт жиындар туралы заң жобасының негізгі басымдықтарымен таныстырды. Жиналыстың барлық қатысушылары заңнамада өзгерістер енгізудің кезі келгенін атап өтті. Сонымен қатар, әсіресе, қоғамдық іс-шаралардың формаларын нақты жіктеу - митингiлер, демонстрациялар, пикеттер, бейбіт жиындар өткізуге келісім алу процедурасын жеңілдетуді атап өтті. Жиналыстың қорытындысы бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне барлық ұсыныстар мен ұстанымдарды жинақтау тапсырылды" - деді Ерлан Қарин.

Президент кеңесшісі осы аптада, сонымен бірге Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменовтың төрағалығымен Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсыныстарының экономикалық блогы бойынша жиналыс өтетінін атап өтті. 

"Басқаша айтқанда, Ұлттық кеңестің ішіндегі жұмыс жаңа кезеңге өтті. Ол – әр ұсынысты мұқият қарастырып, пысықтау" - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы