Өмір үшін күрес. Шалабайлардың тіршілігі

29 Мамыр 2020, 10:13
6005
Бөлісу:
Өмір үшін күрес. Шалабайлардың тіршілігі
PHOTO
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шала туған шақалақтың өмірі үшін күресетін ақ халатты абзал жандар бұл істің қызығы мен шыжығы көп екенін айтады...

Атам қазақ ертеде шала туған шақалақты тымаққа салып өмірін сақтаған. Киіз үйдің керегесіне ілінген түлкі тымақтың ішінде нәресте өмірмен өзі күресті. Мықтының жеңіп, әлсіздің жеңілетін заманы болды. Десек те, табиғаттың заңдылығына бағынған кезеңі өтті. Бүгінде бұл мәселе қалай шешімін табуда? Медицинасы қарыштап дамыған кезге келіп жеттік. Иә, қазір барлығы өзгеше. Бүгінде мықтының ғана емес, мақтадай қауқары бар әлжуаздың да аман қалатын мүмкіндігі артты.

шала7.jpg

Жайлы ортада сақтайды

Медицинаның соңғы жетістіктері шала туған шақалақтың өміріне қалай араша түсетіні жайлы Өскемен қаласындағы "Ана мен бала" орталығының неонатологы Дархан Сәтпаев айтып берді. Күнделікті жұмысын кувез аппаратының жанында дүние есігін жаңа ашып, өмір үшін күрескен шақалақтың тынысы мен жүрек қағысын тыңдаудан бастайтын ол өз қызметінің игілікті тұстары көп екенін алға тартады. Ол ауа температурасы мен қоршаған ортаның ылғалдылығының нәресте өмірін сақтап қалуда үлкен рөл атқаратынын айтады.

Дархан Сатпаев.jpg

Шақалақты 36 градустық температурасы және 70 пайызға дейінгі ылғалдылығы сақталып тұратын жерге жатқызу керек. Перзентханаларда мұндай аппараттар кувез деп аталады. Қарапайым сөзбен айтқанда бұл - жаңа туған шақалақты күтіп-бағуға арналған инкубатор. Аталған аппараттың ішінде балаға жылы әрі жайлы. Шала туған шақалақтың өкпесі жетілмей туатындықтан бастапқыда өздігінен дем ала алмайды. Сол себепті біз оны жасанды дем алдыратын аппаратқа қосамыз, - дейді Дархан Сәтпаев.
шала8.jpg

Жалпы, шала туған шақалақтар күні әлемде жыл сайын 17 қарашада аталып өтіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шала туған шақалақтың қорғансыздығын, өмірге бейімсіздігін ескере отырып, бұл күнді – "ақ жапырақ" күні деп атаған. Қазақстандықтар бұл күнді 2013 жылдан бері атап өтіп келеді.

шала2 (1).jpg
шала5.jpg

Тымаққа салып тың берген

Көптеген адамда мерзімінен бұрын дүниеге келген балалардың ары қарайғы тағдыры мен денсаулығына байланысты сұрақтар туындайды. Жөргекте жетілуге тиісті бөпенің бабын табу оңай шаруа емес. Ерекше ұқыпты күтім, жоғары технологиялық құралдарды қолдана отырып сапалы емдеу қажет. Ұзақ бақылау тағы керек. Ата-әжелеріміз бұл проблеманың түйінін өткен ғасырларда-ақ шешіп кеткен. Қалай дейсіз бе?

шала13.jpg

Ол кезде шала туған шақалақты тымаққа салып, керегенің басына ілген. Тымақ жылы әрі баланың әрі-бері қимылдауына жағдай жасаған. Бұл жерде баланың тым қатты ұйықтап кетпеуі маңызды. Өйткені ол қайтадан оянбай қалуы мүмкін. Сол себепті аң терісінен тігілген тымақтың қылы баланың денесін жыбырлатып, оның жиі оянып, қимылдауына септігін тигізіп отырған.

Гульшат апа (1).jpg

Қазақтың ежелгі салтының бірі саналатын "тымаққа салу" дәстүрі бүгінде жоқ. Оны жоғарыда айтқан кувез аппараты ауытырған. Десек те, бұл дәстүр толықтай ел жадысынан өшіп қалды деуге келмес. Оны көзімен көрген көнекөз қарияларымыз жетерлік. Солардың бірі - Достық үйі жанындағы "Ақниет" әжелер ансамблінің жетекшісі Гүлшат.

шала14.jpg

Көшпенді өмір салтын ұстанған бабаларымыздың киіз үйде тұрғаны белгілі. Киіз үйдің негізін кереге құрады. Шала туған шақалақты тымаққа салып, керегенің басына іліп қойған. Бұл әдісті өз кезегінде нәрестені қырқынан шығаруға бағытталған күн санау құралы ретінде де қолданған. Мысалы, тымақты бүгін керегенің бір ұшына ілсе, ертеңінде екінші ұшына ілген. Осылайша қырық күн бойы керегенің әр басына кезектестіре ауыстырып отырған, - дейді Гүлшат Смағұлова.
100 пайыз табиғи материалдан тігілген тымаққа шақалақты бөлеген бабаларымыз, оның үстін құндақтамаған. Өйткені бала тымақ ішінде еркін әрі қимылдап жатуы тиіс екен.

шала16.jpg

Жалпы, тымақ киіз үйдің қанаттары сияқты бірнеше қанат етіп тігілген. Сырты тері, іші киіз – нағыз табиғи материалдардан тігілген тымақтың іші сәби үшін өте жайлы болған. Сол себепті шақалақты одан шығармай анасына емізуге алып келген. Тымақта шақалақ анасының құрсағында жетіліп, туғанға дейін жетпеген уақыт жатқан. Тымақтың қос құлақшынындағы бауы оны киіз үй ішіндегі түрлі жерлерге іліп қоюға өте ыңғайлы болған. Сәбидің денесі тоңазыған уақытта оны ортадағы ошақ қасына жақындатып, ыстықтаса қайтадан кереге асына апарып іліп отырған, - дейді Гүлшат әжей.
шала17.jpg

Өмір сүруге құқылы

Кейбір адамдар мерзімінен бұрын туған шақалаққа көмектесудің қажеті жоқ дейді. Өйткені, табиғат заңдылығына сай, мықты сәби ғана өмір тізгініне жармасуы қажет көрінеді. Дегенмен, "Ана мен бала" орталығының неонатологтары мен медбикелері әр шақалақтың өмір сүруге құқылы екенін айтады.

шала18.jpg

Біз әр күні таңертеңгі уақытта балаларды тексеруден өткіземіз. Мұндай кезде жанымызда бөлімше меңгерушісі міндетті түрде болуы тиіс. Күніне бір емес, бірнеше мәрте тексеру жасаймыз. Тәулігіне 24 сағат дәрігер бақылауында болатын әр шақалақ өмір сүруге қақы бар. Оларды бөліп-жаруға болмайды, - дейді "Ана мен бала" орталығының неонатолог-реаниматологы Жұлдыз Абулова.

шала11.jpg

Балаға бірінші кезекте ерекше ықылас пен махаббат керек екенін айтқан дәрігер, уақытылы анықталған жайлар сәби өмірінің сақталуына септігін тигізетінін алға тартты. Жалпы, әлем бойынша жыл сайын жер жүзінде 15 миллионға жуық бала шала туатын көрінеді. Яғни әрбір оныншы әйел баласын мерзімінен бұрын дүниеге әкеледі.

шала10.jpg

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қағидаларына сәйкес, шала туға шақалақ дегеніміз жүктіліктің 37 аптасына дейін туған балалар екен. Бұл аралықта дүниеге келген сәбилер дене салмағына қарай төменгі, өте төменгі және экстремалды төменгі салмақтағы болып үш түрге бөлінеді екен. Тіпті 22 апталық, салмағы 500 грамды құрайтын шақалақтар да жиі ұшырасуда.

шала 1.jpg

***

Көпшілік айы-күні жетілмей дүние есігін ашқан балалардың кейінгі өмірде де жөнді болмайтынын айтып жатады. Денсаулықтағы кінәрат кейін бой көрсетіп, олардың толыққанды өмір сүруіне кедергі келтіретін көрінеді. Десек те, шала туып, кейін шартарапқа аты әйгілі болған атақты адамдар тарихта аз емес. Олардың қатарында америкалық жазушы, журналист Марк Твен, физик-теоретик Альберт Эйнштейн, орыстың балеринасы Анна Павлова мен белгілі саясаткер, Ұлыбританияның премьер-министрі Уинстон Черчильді айтуға болады.

шала4.jpg

Кувез ( французша – инкубатор) – шала туған шақалақты немесе ауырып қалған нәрестені жатқызуға арналған оттегіні автоматты түрде беретін әрі жайлы температуралық режимді сақтап тұратын құрылғы. Жан-жағы мөлдір шынымен қапталған, жылыту және ауаны дымқылдандыру аппаратарымен қамтамасыз етілген. Химиялық дезинфекциялық құралдарға төзімді органикалық шыныдан жасалатын кувез аппаратының жан-жағында баланы күтіп-бағатындарға арналған қол сұғатын шағын терезелері болады.

Өзгелердің жаңалығы