Министрлік Смайыловтың пікірін жоққа шығарды

25 Қараша 2021, 21:57
1062
Бөлісу:
Министрлік Смайыловтың пікірін жоққа шығарды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2022 жылға арналған республикалық бюджетте мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға 4 трлн теңге көзделіп отыр. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Смайыловтың Премьер-Министрінің Орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында келтірген пікірімен мүлдем келіспейді.

Бүгінгі таңда республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылардың 42 түрі, сондай-ақ базалық және ынтымақты зейнетақы төленеді. Олардың мөлшерін белгілеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі және айлық есептік көрсеткіш сияқты көрсеткіштер пайдаланылады. ЕТК және АЕК мөлшері инфляцияның болжамды деңгейін ескере отырып, жыл сайын белгіленеді. Осылайша, Үкімет халықтың өмір сүру деңгейінің төмендеуін болдырмау үшін тұрақты шаралар қабылдауда.

Парламенті Мәжілісі қабылдаған, 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасына сәйкес, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасын және айлық есептік көрсеткішті 5%-ға индексациялау жоспарлануда.

Осының нәтижесінде ынтымақты зейнетақы мөлшері 7%-ға және базалық зейнетақы төлемі 5%-ға арттырылатын болады. Тиісті мақсатқа 2,9 трлн теңге қарастырылған. Бұл шара 2,3 млн зейнеткерге қатысты.

Барлық әлеуметтік жәрдемақының мөлшері де 5%-ға артады. Аталмыш мақсатқа 1 трлн теңге көзделген. Бұл 1,9 миллион алушының табысының артуына әкеледі.

2022 жылы мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға 3,9 трлн теңге көзделуде. Бұл 2021 жылғы шығыстарға қарағанда 295,4 млрд теңгеге көп және Еңбекмині шығыстарының 92%-ға жуығын құрайды.

Сонымен қатар, Еңбекмині бюджетіне 900 мыңнан астам адам үшін атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге және 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет беруге 85,1 млрд теңге, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етуге 22,7 млрд теңге көзделген.

Атап өтерлік жайт, жоғарыда келтірілген шығыстар ел бюджетінің төрттен бір бөлігін құрайды.

Депутат Смайылов ұсынған жәрдемақылар мен зейнетақыларды «ең төменгі жалақыны 41%-ға еселеп арттыру» бастамасын іске асыруға тек 2022 жылға қосымша 2,4 трлн теңге қажет болады. Бұл қаражат, мысалға, алдағы жылға арналған республикалық бюджеттің білім беру (1,9 трлн теңге) немесе денсаулық сақтау (1,8 трлн теңге) жүйесіне арналған шығыстарынан асып түседі. Осылайша, тіпті денсаулық сақтау немесе білім беру саласын қаржыландырудан бас тартудың өзі зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерін арттыру бойынша ұсынысты қамтуға жетпейді.

Депутаттың Еңбекмині қазақстандықтардың еңбек құқықтарын жеткіліксіз дәрежеде қорғайды деген пікіріне қатысты биылғы 10 айда республиканың 847 кәсіпорнында мемлекеттік еңбек инспекторлары жалақы бойынша берешекті анықтағанын атап өту қажет. Қабылданған шаралардың, соның ішінде берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде 20,6 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалды. Оларға 4,9 млрд теңге төленді.

Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін Еңбекмині уақтылы әрі толық көлемде орындауда.

Өзгелердің жаңалығы