Министрлік қағазбастылықтан арыла бастады

13 Ақпан 2020, 15:35
1750
Бөлісу:
Министрлік қағазбастылықтан арыла бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Енді еліміздің азаматтарына әділет органдары саласы бойынша бірқатар мемлекеттік қызметті алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына және тіркеуші органдарға барудың қажеті жоқ.

Бұл туралы Әділет министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл оңтайландыру "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңына сәйкес енгізілген өзгерістердің арқасында мүмкін болды.

Азаматтық хал актілерін тіркеудің кейбір түрінің автоматтандырылуына байланысты:

-        енді, екі куәліктің: асырап алу немесе әке болуды анықтау және туу туралы куәліктің орнына, тіркеуші орган баланың жеке және ата-анасы туралы мәліметтері көрсетілген туу туралы куәлікті ғана береді. Бұған дейін ата-аналар аталмыш куәлікті жоғалтқан немесе бүлдірген жағдайда қайта алуға өтініш жасайтын еді;

-        некені бұзу туралы сот шешімін тіркеудің қажеті жоқ, яғни куәлік алу үшін АХАТ-қа жүгінудің қажеті болмайды. Некені бұзғаннан кейін соттан мәліметтер әділет органдарының базаларына автоматты түрде түседі.

Осы жаңалықтардың арқасында орта есеппен 100 мыңға жуық азамат аталған қызметтерді алу үшін Мемкорпорацияның филиалдарына немесе тіркеуші органдарға жүгінбейді. Мысалы, соңғы 3 жыл ішінде осындай 300-ден астам акт тіркелді, орта есеппен жылына жүз мыңға жуық акт тіркеледі, - делінген министрліктің баспасөз хабарламасында.

Тіркеуші органға мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен ала алатын құжаттарды азаматтардың ұсыну қажеттілігі алынып тасталды:

- тууды тіркеу кезінде қағаз түрінде медициналық куәлік пен неке қию туралы куәлікті ұсыну қажет емес (егер ата-анасы некеде болса);

- әке болуды анықтау, бала асырап алу, қалпына келтіру, жою немесе акт жазбаларына өзгерістер енгізу туралы сот шешімін қағаз түрінде ұсыну қажет емес.

Мысалы, егер бала туылса, онда бұрын АХАТ органдарына тиісті медициналық куәліктер немесе заңды туу фактісі туралы сот шешімін ұсыну қажет болатын. Енді бұл құжаттарды әкелудің қажеті жоқ. Бұл деректер басқа мемлекеттік органдардың жүйелерінен алынады, - делінген таратылған ақпаратта.

Сондай-ақ, халыққа барынша ыңғайлы болу үшін барлық азаматтық хал актісін тіркеу бойынша экс-аумақтық қағидат енгізілді:

- тууды туған жеріне немесе ата-анасының тіркелуіне қарамастан кез келген АХАТ органында, тіркеуге болады;

- Тегiн, атын және әкесiнiң атын өзгертуді тіркеуді өтініш берушінің тіркелген орнына қарамастан кез келген АХАТ органы жүргізеді;

- қайтыс болуды тіркеу адамның қайтыс болған жеріне немесе оның тіркелген жеріне қарамастан кез келген АХАТ органында жүргізуге болады.

 Қайталама куәліктер мен анықтамаларды азаматтың туған жері, акті тіркелген және тұрғылықты жеріне қарамастан еліміздің кез келген АХАТ органдарынан алуға болады.

Жоғарыда аталған барлық жаңалық мемлекеттік қызмет көрсету процесін сандық форматқа көшіруге және азаматтардың уақыт пен қаражат шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы