Михаил Шайдоровқа қолдау болмады ма? Спорт министрлігі жауап берді

Спортшының әкесі әлеуметтік желіге жариялаған жазбасында спортшыға мемлекеттік қолдау болмағаны айтылған.

 ҰОК/Сали Сабиров Кеше 2026, 17:30
Кеше 2026, 17:30
747
Фото: ҰОК/Сали Сабиров

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа спорттық жолында мемлекет тарапынан жеткілікті қолдау болмағаны жөніндегі ақпаратқа пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Италияда өткен қысқы Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алғаннан кейін әлеуметтік желілерде мәнерлеп сырғанаушының әкесі Станислав Шайдоровтың жазбасы тарады (бірнеше жыл бұрын жарияланған – ред.). Онда ол 2021 жылы спортшының дайындығына қаржы бөлінбегенін жазған.

Отбасы бюрократиялық мәселелерді, соның ішінде виза рәсімдеуді өз күшімен шешуге мәжбүр болған. Сондай-ақ спортшының әкесінің айтуынша, 2022 жылы дайындық өз қаражаттары есебінен жүргізілген.

Осының салдарынан Михаил Шайдоров 2022 жылы Францияда өткен әлем чемпионатына виза ала алмаған.

Осындай мәлімдемелерді жарияланымдардан оқыдым. Халықаралық жарыстарға дайындық кезінде спортшы түрлі қиындықтарға тап болуы мүмкін. Бұған барлық мемлекеттік органдар әрекет етуі тиіс. Өкінішке қарай, 2021 жылы бұл мәселелерді нақты кім бақылауы керек болғанын айта алмаймын. Мүмкіндік болса, анықтап көрейік. Болашақта мұндай жағдай қайталанбауға тиіс, - деді вице-министр BAQ.KZ тілшісіне Сенат кулуарында берген сұхбатында.

Ол министрлік ұлттық құрамаларды толық қолдайтынын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жағдайларда мәселе әдетте көші-қон қызметімен немесе Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп жедел шешіледі.

Вице-министрдің сөзінше, бұл олимпиадалық цикл министрліктің ерекше бақылауында болған.

Бұған дейін Олимпиадада медаль болмаған, бұл белгілі бір жауапкершілік жүктеді. Құрама команда толық қамтамасыз етілуі үшін федерациялармен және бас жаттықтырушылармен бірқатар кеңес өткіздік. Біздің спортшылардың бәрі қажетті дүниемен қамтылғанын кез келгені растайды деп ойлаймын. Ол да (Михаил Шайдоров - ред.) Олимпиада ойындарына мақсатты түрде дайындалып, лайықты өнер көрсетуі үшін барлық қажет жағдаймен қамтамасыз етілді, - деді вице-министр.

Еске салайық, бұған дейін Михаил Шайдоров Олимпиадаға дейін қанша жалақы алғаны туралы жаздық.

Айта кетейік, бұған дейін Михаил Шайдоров Миланда өтіп жатқан қысқы Олимпиаданың алтын медаль иегері атанған еді.

Жеңістен кейін Президент спортшыны II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.

Сондай-ақ, Михаилды жеңісімен Геннадий Головкин де құттықтады. Әнші Димаш Құдайберген Михаил Шайдоровқа автокөлік тарту етті. 

Одан кейін Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров ерекше суретін жариялады

Наверх