Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті интернет кеңістігінде балаларға арналған мультфильм ретінде ұсынылып, бірақ мазмұнында жасырын деструктивті ақпарат бар видеолардың таралуына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Комитеттің мәліметінше, мұндай бейнематериалдар адамгершілік құндылықтарға кері әсер етіп, тіпті балаларда агрессия мен дұрыс емес мінез-құлықты қалыптастыруы мүмкін. Бұл — қазіргі ақпараттық кеңістіктегі өзгерістер мен жаңа платформалар пайда болуы аясында балалардың психоэмоционалдық саулығына қосымша қауіп төндіріп отыр.
Осы жағдайға байланысты комитет цифрлық ортадағы қауіптерді ескеретін жаңа заңнамалық ұсыныстарды дайындады. Бұл ұсыныстар тиісті шаралар қабылдау үшін Мәдениет және ақпарат министрлігіне, сондай-ақ Ішкі істер министрлігіне жолданды.
Ата-аналарға үндеу: Балаларыңыздың интернеттегі қауіпсіздігіне мән беріңіз
Комитет ата-аналарға балаларының интернеттегі әрекеттеріне мұқият болуға кеңес береді. Атап айтқанда:
- Баланың қандай контент көріп жүргенін;
- Кімдермен байланыс орнатып жүргенін;
- Қандай тақырыптар талқылап жүргенін бақылау;
Сондай-ақ ашық әңгімелесу, сыни ойлау қабілетін дамыту және зиянды ақпаратты ажырата білу дағдыларын қалыптастыру қажеттігін ескертеді.
Егер күмәнді немесе күдікті контент байқалса, бірден құзырлы органдарға хабарлау ұсынылады.
Саналы ата-ана ретінде балаңыздың өміріне белсенді араласуыңыз — оның цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігінің басты кепілі, — делінген Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің ресми мәлімдемесінде.