Мәжілістің жалпы отырысында көлік министрі Марат Қарабаев шетелден әуе компаниясын алып келуді айтқан еді. Осы орайда министрге журналистер кулуарда билет бағасы жайлы сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрге БАҚ өкілдері "баға саясатында өзгерістер бола ма ? Келген компания әуе билеттерінің бағасына септігін тигізе ме?" деп сауал жолдады.
Жалпы билеттің саясатына тоқталатын болсақ, бұл жерде екі мәселе бар. Сұраныс пен ұсыныс. Сұраныс былтырғы жылға қарағанда 26%-ға өсіп отыр. Былтырғы 8 айдың қорытындысы бойынша әуе компаниялары 7 млн халық тасымалдаған болса, биылдың өзінде ол 8 млн-нан асты. Енді оған ұсыныстың бір ғана жолы, ұшақтарды көбірек сатып алу. Биыл 11 ұшақ сатып алып жатырмыз. Сонда елімізде 100 ұшақ болады. Ал отыратын орындықтардың саны 12 мыңнан 15 мыңға дейін көтеріледі. Алдағы 2024-2025 жылдары тағы да 30 ұшақ сатып алу мүмкіндігі болады. Бірінші ұшақтық санының көбеюі. Екінші мәселе Qazaq Air жекешеленген соң жалпы бір-біріне тәуелді емес 4 компания болады. Бесінші компания шетелдік әуе компаниясы болады, - деді министр.
Сондай-ақ "министр, әуе билеттерінің бағасы арзандай ма?" деген сауалды да жауапсыз қалдырмады.
Билеттің бағасы тұрақталады. Мысалы жанар-жағармай. Қараңыздар, олардың бағасы қаншалықты жоғарылады. Билеттің құнында шамамен 30% жанар-жағармай бағасы. Оның бағасы өсіп жатса, қалай билеттің бағасы төмендейді. Жанармайды басқа елден импорттайтын болсақ, оның бағасына байланысты болады. Жалпы билеттің бағасының төмендеуі бәсекелестік көп болса, төмендеуге алып келеді деген идеология осы, - деді көлік министрі Марат Қарабаев.