Министр: Qazaqstan - еліміздің телеэпопеясы

3 Наурыз 2023, 18:36
1755
Бөлісу:
Министр: Qazaqstan - еліміздің телеэпопеясы
Фото: Артём Чурсинов

Қазақ телевизиясының көшбасшысына айналған ұлттық арнаның 65 жылдық   мерекелік шарасында Ақпарат және қоғамдық даму министрі қатысып, құттықтау сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ. KZ тілшісі.

Теларнада қажырлы еңбек атқарған ардагерлерге алғыс білдірді.

Бүгін қазақ ұлттық тележурналистиканың ұлағатты ұстаханасы – Qazaqstan Ұлттық Телеарнасының 65 жылдығына арналған салтанатты шараға қатыстым.

Елімізбен бірге еңсе тіктеген ұлттық арна сан кешуге толы тарихында талай белестерден асты. Ұлттық құндылығымыздың талғарындай, тіл мен дәстүрдің қорғанындай болып қызмет атқарды.
Кеңес құрсауының көбесі сөгілген жылымық жылдары айтқан ұлы Мұхтар Әуезовтің «Жыл келгендей жаңалық сеземіз» деген әйгілі сөзі тек қазақ әдебиетіндегі ағысы бөтен асау буынға ғана емес, енді ғана ашылған телеарнаға да қаратып айтылғандай. Телеарнадағы үлкен бір шоғыр сол алпысыншы жылдардың алыптарымен бірге қалыптасып, шығармашылығын бірге шыңдап, мәуелі бәйтерекке айналды.
Арнаның ағартушылық-танымдық, қоғамдық-саяси бағыттағы іргелі жобалары, әсіресе, «Қарыз бен парыз», «Тамаша», «Қымызхана», «Алтыбақан» секілді бағдарламалар әлі күн жұрт жадында. Ондағы орамды ойлар, қазақы қалжыңдар, астарлы әзілдер, «Айтыстағы» отты, рухты жырлар елдің еңсесін көтеріп, мерейін асырғаны анық.
«Qazaqstan» – еліміздің телеэпопеясы. Қастерлі отанымыздың бейнелі шежіресін жазып, тарихын таспалады, онда талай тарландардың, тұғырлы тұлғаларымыздың қазаққа жеткен үні, жүрегінің табы жатыр. 
Телеарнада қажырлы қызмет атқарған аға буын талмаусыраған ұлттық рухтың туын жықпай, тұғырынан тайдырмай, қастерлі тәуелсіздігімізге жеткізді.
Сағат Әшімбаев, Шерхан Мұртаза, Камал Смайыловтардың тағылымды жолын тәуелсіздік тұсында Ғалым Доскен, Нұртілеу Иманғалиұлы, Нұржан Жалауқызы, Ерлан Тынымбайұлы және Ләзат Танысбайқызы сәтімен сабақтастырып, жаңа биікке көтерді. 
Ел дамуының жылнамасы болған, мемлекетіміздің атын иемденіп, сол атауды абыроймен арқалап жүрген ұлттық арна бүгінде отандық БАҚ-тың көшбасшысы ғана емес, халықаралық медианарықта танымал брендке айналды. 
Мерейлі датаға орай бүгін қазақ телевизиясында әр жылдары қызмет еткен ардагер-журналистерді, дикторларды, режиссерлер мен спорт комментаторларын мерейтойлық медальдармен марапаттадым.

Ұжымға шығармашылық табыс пен жарқын жетістіктер тілеймін!,- деді министр.

Өзгелердің жаңалығы