Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Алаштың біртуар асыл азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 90 жыл, деп жазды Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева facebook-тегі парақшасында.
Азаматтық арына адал, жаны жомарт жайсаң ағамыз туралы көзін көрген замандастары тарапынан аз айтылмайды. Қатаң тәртіпке құрылған кеңестік мемлекеттік қызметті атқара жүріп, ұлттың мәдениеті пен өнеріне, этнографиясы мен фольклорына қатысты тың зерттеулерге мұрындық болып, баянды бастамалардың үнемі басы-қасынан табылды. Алаш арыстарының ақталып, олардың еңбектерінің халықпен қайта қауышуына белсене араласты. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық мүдде жолында халық алдындағы перзенттік парызын адал орындай білді. Ағамыздың қалыптастырған өнегелі өмір мектебі, үлгі болар ғибратты істері мен жарқын бейнесі біздің мәңгілік жадымызда, - деді Балаева.Бұған дейін меншікті тілшіміз ғалымның 90 жылдығы қарсаңында оның көзін көрген, бірге қызметтес болған әріптестерімен тілдескен еді.