Қарашөкеев қуаңшылық жайлаған өңірлерге шөп жеткізген волонтерлерге алғыс білдірді

18 Тамыз 2021, 09:56
2431
Бөлісу:
Қарашөкеев қуаңшылық жайлаған өңірлерге шөп жеткізген волонтерлерге алғыс білдірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл шаруашылығы министрі міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев бүгінгі Үкімет отырысында қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлерге волонтерлер шамамен 150 вагон азық жеткізгенін айта келе оларға алғысын білдірді.

Ербол Қарашөкеевтің айтуынаша, қазір қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлерде жағдайды тұрақтандыру жұмыстары жүріп жатыр. 

Өңірлерге азық дайындау мақсатында қосымша 43,1 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Өңірлер арасында азық-түлікті белгілеген бағамен өзара жеткізу және зардап шеккен шаруаларға шөп шабу үшін 130 мың гектарға жуық шабындық жер бөлу туралы шарттар мен меморандумдар жасалыпты. 

Сондай-ақ табиғи резерваттың 211 мың гектарында шөп шабуға рұқсат етілді. Бұл жұмысқа волонтерлік ұйымдар да қосылды. Олар зардап шеккен өңірлерге шамамен 150 вагон азық жеткізді. 

Бұл ресурстарды жергілікті жерлерде бөлу қоғамдық кеңестердің белсенді қатысуымен жүргізіліп жатыр. Осы көмекті ұйымдастырғаны үшін еліміздің барлық еріктілеріне және бұл іске бей-жай қарамайтын азаматтарға үлкен алғыс білдіремін, - деді Қарашөкеев.

Өзгелердің жаңалығы