Министр гарнизондардағы әскери нысандарды тексерді

12 Қаңтар 2024, 10:28
493
Бөлісу:
Министр гарнизондардағы әскери нысандарды тексерді
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрі гарнизондардағы әскери нысандарға инспекция жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов Алматы және Қонаев гарнизондарында әскери инфрақұрылым нысандары мен медициналық-әлеуметтік мекемелерде болды.

Қорғаныс министрі Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеевтің әскери нысандардың жай-күйі мен оларды жайластыру жоспарлары туралы баяндамасын тыңдады. Ол ДШӘ қолбасшысы басқармасының штабын көшіруге жоспарланған ғимаратты аралап көріп, ауыр автокөліктер мен сауытты машиналар қозғалысы үшін көпір салынатын алаңға барды.

Құрлық әскерлерінің әскери институтына барған кезінде генерал-полковник Руслан Жақсылықов «Әли» оқу орталығы полигонының, ғимараттары мен құрылыстарының «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынын өткізуге дайындығын тексерді.

Генерал-полковник Руслан Жақсылықов Мемлекеттік әскери-тарихи музейдің Алматы филиалының басшысы Алуа Байқадамовамен кездесті. Ол қазақтың қаһарман ұлдары Сағадат Нұрмағамбетов пен Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналған іс-шараларды сапалы өткізу қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ министр Ұлы Отан соғысы батырлары өсиет еткен дәстүрлерді сақтаудың және Қарулы күштер ардагерлерінің баға жетпес тәжірибесін жас ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын атап өтті.

Қонаев гарнизонында қорғаныс ведомствосының басшысы 20030 әскери бөлімінің оқу корпусын, казармасын және спорт қалашығын тексерді. 32363 әскери бөлімінде ол медициналық рота құрылысының барысымен және клубтың техникалық жабдықталуымен танысты.

Сондай-ақ генерал-полковник Руслан Жақсылықов «Балдәурен» балаларды оңалту орталығында болып, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін емдеу, қалпына келтіру және демалу үшін жасалған жағдайлармен танысты.

Сапар қорытындысы бойынша Қорғаныс министрі әскери инфрақұрылымды жетілдіру, жауынгерлік дайындықты арттыру және әскери қызметшілер үшін әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды жақсарту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.

Өзгелердің жаңалығы