Министр елорданың сол жағалауын жарықсыз қалдырған Көлгінов басқаратын әкімдікті сынады

23 Маусым 2020, 12:51
1461
Бөлісу:
Министр елорданың сол жағалауын жарықсыз қалдырған Көлгінов басқаратын әкімдікті сынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында энергетика министрі Нұрлан Ноғаев былтыр елорданың сол жағалауы жарықсыз қалған апаттың салдарын жою мәселесін үнемі бақылауда екенін айтты.

Шешім қабылдауды қажет ететін проблемалық мәселелерге тоқталғым келеді. Осы ретте Нұр-Сұлтан әкімдігінің назарын сол жағалаудағы технологиялық бұзушылықтың салдарын жою бойынша ұйымдастырушылық және техникалық іс-шараларды уақытылы қабылдау қажеттігіне аударамын. Бұл мәселе министрліктің үнемі назарында, - деді Нұрлан Ноғаев.

Оның айтуынша, биылғы жылдың 5 маусымында министрлік барлық тарап өкілдерімен кезекті кеңес өткізіп, нақты ұсыныстар берген екен.

2019 жылдың 10 қарашасында Нұр-Сұлтан қаласындағы "Астана-РЭК" электр желілерінде кабель арнасынан өрт шыққан болатын. Соның салдарынан қаланың сол жағалауы жарықсыз қалды. Оған "Левобережная" қосалқы станциясындағы авария себеп болған. Апат салдарынан сол жағалаудағы тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттар, соның ішінде Ақорда, Nur Otan, Үкімет, Сенат пен Мәжіліс, Министрліктер үйі, Жоғарғы сот жарықсыз қалғаны бар.

Бірден Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке арнайы комиссия құрып, кінәлілерді анықтауды тапсырды. Ал биыл жыл басында бұл апатқа қатысты істі тергеу аяқталды.

Ноғаев сонымен қатар, жылыту маусымына дайындық кезінде шешімді қажет ететін маңызды мәселе - отынға кредиторлық берешектің айтарлықтай үлкен көлемі екенін айтты.
Биылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша энергия өндіруші ұйымдардың "ҚазТрансГаз-Аймақ" АҚ алдындағы берешегі 6,4 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ энергия өндіруші ұйымдардың "Богатырь-Көмір" ЖШС алдындағы жалпы сомасы 3,3 млрд теңгені құрайтын қарызы бар, - деді министр.


Өзгелердің жаңалығы