Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев ведомствоның алқа отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, былтыр өңдеу өнеркәсібі саласында өндіріс ұлғайған.
2022 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп саласында өсім 1,1 пайызға жетті. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 3,4 пайызға ұлғайды. Іс жүзінде барлық секторда оң серпін байқалып отыр. Машина жасауда нақты көлем индексі - 109,4 пайыз, түсті металлургияда - 105,5 пайыз, химияда - 110,2 пайыз, жеңіл өнеркәсіпте – 106 пайыз, құрылыс материалдар өндірісінде - 101,3 пайыз болды, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар министр 2022 жылы өңдеу өнеркәсібін дамытып, жолға қою үшін қандай жұмыстар істелгенінен тоқталды.
Өнеркәсіп саласында барлық қажетті нормативтік база қабылданды. Арнайы экономикалық аймақтардың қызметін жетілдіру мақсатында заңнамалық түзетулер қарастырылды. Елішілік құндылықтар мен экспортқа бағытталған өндірістерді дамыту бағдарламасы бекітілді. 4 пайыздық жеңілдетілген автонесиелеу (100 млрд теңге) мен 6 пайыздық ауыл шаруашылығы техникасына арналған (30 млрд теңге) бағдарламалар іске қосылды, - деді Марат Қарабаев.