Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «ҚР-да МСАК-тың рөлі мен дамытуды күшейту және COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдай туралы» өткен онлайн брифинг кезінде Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Алматыда қала әкімі Бақытжан Сағынтаевпен және бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшинмен бірге карантинді қатайту кезінде кеңес өткізуді түсіндірді.
Ең алдымен мұның коронавирустық инфекция бойынша штабтың көшпелі отырысы екенін айта кеткен жөн. Бұл мәселе шұғыл түрде шешілуі керек болды. Қашықтық сақтаудан бастап барлық сақтық шарасы қабылданды. Штабтың барлық мүшесі, қатысушысы ПТР-тесттен өтті. Олардың барлығында теріс нәтиже байқалды. Қазір Алматыда сырқаттанушылықтың күрт өсуі байқалғанын біліп отырсыздар. Мұнда комиссия мәселенің шығу тетігін сол жерде анықтауы керек еді. Біз одан кейін нысандарға барып, егу пункттерінің, реанимация төсек-орындарының дайындығын тексердік. Алдымызда жағдайды жедел қолға алу мәселесі тұрды, - деді Цой.
Ол бас санитарлық дәрігерлердің қаулысында эпидемиологиялық жағдайға байланысты шұғыл жағдайларда билік жылдам әрекет жасауы керек екенін көрсететін тармақтар бар екенін түсіндірді.
Бұл бос жиналыс болған жоқ, шұғыл режимде коронавируспен күреске бағытталған іс-шара болды. Бұл төтенше штаб, ол барлық жерде жұмыс істеуі керек. Сондықтан қатысушылардың қауіпсіздігіне еш қауіп төнбеді. Біз бәрін пысықтадық, жұмысты нәтижелі жүргіздік, Алматыдағы жағдай бақылауда, - деді ол.