Алматыда азаматтарға криптовалюта түрінде микрокредит береміз деген желеумен жасалған алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Істі Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен жүргізуде.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті схема Alemcredit.com интернет-ресурсы арқылы жүзеге асырылған. Әлеуметтік желілерде тиімді шарттармен қарыз берілетіні туралы жарнамалар таратылып, сол арқылы ықтимал қарыз алушылар тартылған.
Қарыз рәсімдеу үшін азаматтардан жеке басын сәйкестендіру рәсімінен өту, дербес мәліметтерін ұсыну және электрондық құжаттарға қол қою талап етілген.
Алайда тергеу барысында анықталғандай, бұл рәсімдер аяқталғаннан кейін мәміленің нақты шарттары бастапқыда көрсетілген талаптардан едәуір өзгеше болған.
Атап айтқанда, қарыз алушыларға:
- бастапқыда уәде етілген сомадан әлдеқайда аз қаражат аударылған;
- қаражаттың бір бөлігі алдын ала ескертілмеген комиссиялар мен өзге де төлемдер ретінде ұсталған;
- қарыздың толық құны мен артық төлем мөлшері туралы ақпарат толық берілмеген;
- сыйақы мен айыппұлдарға қатысты мәліметтер мәміле жасалғанға дейін тиісті деңгейде көрсетілмеген.
Қаражатты қайтару кезінде үшінші тұлғалардың, яғни дропперлердің банк карталары пайдаланылған.
Тергеу мәліметінше, интернет-ресурстың жұмысын қамтамасыз ету және қарыз алушылармен байланыс орнату үшін заңды тұлғалар, телекоммуникациялық ресурстар мен түрлі техникалық құралдарды қамтитын тармақталған инфрақұрылым қолданылған.
Құқық қорғау органдары жүргізген тінту кезінде жаппай SMS-хабарлама таратуға пайдаланылған SIM-бокстар мен көп мөлшердегі SIM-карталар тәркіленді.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Қаржылық мониторинг агенттігі істің мән-жайы мен оған қатысы бар тұлғаларды анықтау бойынша қажетті шаралар жүргізіп жатыр.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.