Микрофонның батырмасын басуды білмейсің, өндірісті қалай басқарып жүрсің? Нығматулин министрге ескерту жасады

5 Мамыр 2021, 11:44
2944
Бөлісу:
Микрофонның батырмасын басуды білмейсің, өндірісті қалай басқарып жүрсің? Нығматулин министрге ескерту жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында төраға Нұрлан Нығматулин Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловты сынға алды.

Бүгін жалпы отырыста 2021-2023 жылғы республикалық бюджет туралы заң жобасы қаралып жатыр. Отырыста 2021 жылға арналған Қазақстан экономикасының даму көрсеткіші туралы айтылды. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, биылға арналған елдің экономикалық өсу болжамы 2,8-ден 3,1%-ға дейін жақсарған. Яғни Қазақстан экономикасы қайта қалпына келе бастады.

Әсет Арманұлы, сіздің болжамдарыңыз шынымен оптимистік тұрғыдан сенімді шығар. Бірақ әділеттілік үшін айта кетуім керек, бұл ЖІӨ өсімінің 3%-ы былтырғы экономикалық рецессияның арқасында жүзеге асты. Экономикалық өсім - біздің азаматтарымыздың өмір сүру сапасымен есептелуі тиіс, - деді Нығматулин.

Спикердің айтуынша, егер Ұлттық экономика министрлігі, мысалы, агроөнеркәсіптік кешендегі өсім туралы болжамдарды жарияласа, онда дүкен сөрелері импорттық өнімдермен емес, отандық ірімшіктер мен шұжықтармен «толығуы» тиіс.

Сіздің қолдан сызған пайыздық көрсеткіштеріңізден келіп-кетер ештеңе жоқ. Одан дым өзгермейді. Егер өнеркәсіптің, құрылыс индустриясының өсуі туралы айтатын болсақ, онда біздің құрылыс материалдары халыққа қолжетімді болуы қажет. Оның ішінде бағасы да тиімді болуы тиіс. Бізде неге олай емес, Бейбіт Бәкірұлы (Атамқұлов - ред.), - деді Нығматулин.

Микрофонын қоса алмаған Атамқұлов сыбырлағандай «иә» деп жауап берді.

Естілмейді, микрофоныңыз қосылмаған,- деді Мәжіліс төрағасы.

Иә, - деп жауап берді Атамқұлов сол күйі микрофонын қоса алмай.

Министр Атамқұловқа микрофон қосып беріңіздер. Әлі күнге дейін микрофонның батырмасын қосуды білмейсіз, өндірісті қалай басқарып жүрсіз?! - деді Нығматулин.

Өзгелердің жаңалығы