Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Миландағы Олимпиада ойындарында жеңіске жеткенге дейін қандай көмек алғанын айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, мұндай нәтижелер спортшылардың қажырлы еңбегі мен ата-анасының қолдауымен қатар мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау арқасында мүмкін болады.
Олимпиада ойындарына немесе халықаралық спорт жарыстарына мемлекет қолдауынсыз шығу, менің ойымша, мүмкін емес. Неге? Біріншіден, халықаралық жарыстарға қатысатын барлық спортшылар, соның ішінде Михаил Шайдоров, біздің Спортты дамыту дирекциясында тіркелген, штаттық ұлттық құраманың құрамына кіреді. Оларды оқу-жаттығу жиындарымен, жарыстарға шығумен қамтамасыз етеді және келісімшарт бойынша тиісті жалақы алады. Егер қателеспесем, Олимпиадаға дейін Михаил Шайдоровтың келісімшарты миллион теңгеден аз емес еді. Осы санды сізге жазбаша түрде де растай аламын. Айына. Келісімшарт – бұл жалақы сияқты. 2025 жылы айына шамамен 1,5 млн теңге алған, - деді вице-министр Сенаттың кулуарында берген сұхбатында.
Вице-министрдің сөзінше, мемлекет тарапынан осындай қолдау спортшыға алдына қойған мақсаттарына жетуге көмектеседі.
Сонымен қатар жарыстарға шығу – билеттер, тұру, қонақүйлер, мұз аренасы жалға алу – барлығы төленеді. Бұл (ата-анасы ұлын жаттықтыру үшін көлігін сатты деген ақпарат - ред.) қалыпты жағдай емес, мен бұған толық келісемін. Ұлттық құраманы дайындауға кері әсер еткен мұндай жағдайлар, өкінішке қарай, болған. Бірақ, соған қарамастан, министрлік, мемлекет және Алматы қаласы әкімдігі тарапынан біздің спортшыларымыз лайықты деңгейде жарысқа шығуы үшін барлық шаралар жасалды, - деді Серік Жарасбаев.
Айта кетейік, бұған дейін Михаил Шайдоров Миланда өтіп жатқан қысқы Олимпиаданың алтын медаль иегері атанған еді.
Жеңістен кейін Президент спортшыны II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.
Сондай-ақ, Михаилды жеңісімен Геннадий Головкин де құттықтады. Әнші Димаш Құдайберген Михаил Шайдоровқа автокөлік тарту етті.
Одан кейін Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров ерекше суретін жариялады.