МИБ құру - миф құру емес пе? Сарапшылар не дейді?

21 Сәуір 2022, 15:05
2794
Бөлісу:
МИБ құру - миф құру емес пе? Сарапшылар не дейді?
Фото: автордан

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл 1 шілдеден бастап Пәтер иелерінің тұтыну кооперативтері (ПИТК) жұмысын тоқтатады. Олардың орнына Мүлік иелерінің бірлестіктері (МИБ) құрылып жатыр. 

Тұрғын үй қорын, коммуналдық шаруашылық саласын жаңғыртуға арналған бастамаға қостанайлықтардың көзқарасы қалай? Былтыр ашылған бірлестіктер қандай жұмыстарды тындыра алды? Мамандар осы және өзге де сауалдарымызға жауап берді.

МИБ құру - миф құру емес пе? Сарапшылар не дейді?

Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Ержан Сүлейменнің айтуынша, халыққа әлі де болса толық ақпарат жетпей жатыр. Бастамаға күмәнмен қарайтындар да бар.

Өткен жылдың соңына дейін Қостанай қаласында 68 МИБ құрылған. Қазіргі таңда облыс орталығында олардың саны 74-ке жетті. Жалпы қала бойынша 1160 үй барын, оның 727-сі тұрғын үйді басқарудың жаңа формасына өтуі тиіс екенін ескерсек, бұл өзгеріс ел арасында әлі баяу жүріп жатқанын аңғаруға болады. Бұған бірінші себеп – халықтың білмеуі, – деді Ержан Сүлеймен.

Тұрғын үй саласын басқарудың жаңа формасы несімен ерекшеленеді? Бұл турасында бірлестік ашушыларға көмек қолын созып жүрген Қостанай облыстық адвокаттар кеңесінің мүшесі Наталья Скоробогатова айтып берді.

МИБ құру - миф құру емес пе? Сарапшылар не дейді?

Бұрынғы ПИТК екі функцияны қатар атқарды: басқару және қызмет көрсету. Тұрғындар әр шаршы метрге пұл төледі, ал кооперативтер сол қаржыны өз еркінше жұмсады. Қазір жаңа заңнамада екі функцияның ара-жігі ажыратылып көрсетілген. Басқаруды МИБ қолына алса, қызмет көрсету жағы басқа ұйымдарға беріледі. Яғни, бірлестік коммуналдық қызмет көрсетуші компаниялармен, серіктестіктермен өзі келісім жасаса алады. Сондықтан, жарна төлеуге әр азамат мүдделі болуы керек. Олар жиналған ақшаны қайда жұмсайтынын өздері шешеді. Бұл да артықшылық. Бұрын ПИТК жұмысына ешкім бақылау жүргізе алмайтын еді, енді тұрғындар ақшасының қайда жұмсалып жатқанын біліп отырады, – деді спикер. 

Мүлік иелері бірлестігін құруды баяулатып тұрған бір себеп – кооперативтердің құжаттар өткізуді созбақтатуы. Оларға қандай шара қолдануға болады?

Меніңше, сондай келеңсіз әрекетке барып отырғандар – жұмысында кілтипаны бар, есепті дұрыс жүргізбеген ПИТК төрағалары. Сөйте тұра, «бізде бәрі ашық, ештеңе жасырмаймыз» дейтінін қайтерсіз. Кейбір техникалық құжаттар олардың өздерінде болмауы да мүмкін. Ал есеп-қисап қағаздары оларда бар, болуы міндетті. МИБ құруға кедергі келтірушілерді заңмен ғана жеңе аласың. Құжаттарды толық өткізбесе, талапкер сотқа жүгіне алады. Сот актісін орындамаса, айыппұл төлейді, - дейді Наталья Скоробогатова .

МИБ құру - миф құру емес пе? Сарапшылар не дейді?

Жаңа өзгеріске сәйкес МИБ-тен бөлек, Тұрғын үй кеңесі құрылатыны белгілі. Оның қызметі не? Бұл сауалды «Мой дом» МИБ республикалық қауымдастығының төрағасы Сайлау Асылбаевқа қойдық.

Заңға сүйенсек, Тұрғын үй кеңесінің құзыреті төрағадан да жоғары тұрады. Үш адамнан құралған кеңесті үш жылға сайлайды. ПИТК-тегі басқару мүшелері деген сияқты ғой. Бірлестікке сайланатын төраға табылмаса, кеңес мүшелері өздері таңдаған, қолынан іс келеді-ау деген адамды тағайындай алады. Жұмысы ұнамаса, төрағаны қайта сайлайды. Әрине, кімді қоятыны тұрғындармен бірге шешіледі. Тұрғын үй кеңесі жиналған ақшаны қайда, неге жұмсауды да біліп отыруы керек. Бұған дейін шатыр, дәліз, ауладағы алаңқай біздікі емес деп келген тұрғындарға оның бәрі ортақ дүние екенін түсіндіруі маңызды. Өзгерістің негізгі мағынасы сол, тұрғындар меншігіне жауапкершілікпен қарасын деген ниетпен жасалып отыр, – деді Сайлау Асылбаев.

Осы тұста ашықтық туралы айтпай кетуге болмайды. Өзінің ақшасын өзі жұмсаған кімге ұнамасын? Меншік иелері бірлестігін құрғандар мұны жақсы түсініп келеді. Қаржысын босқа шашпай, керегіне үнемдеп жұмсап жатыр. Нәтижелері де жаман емес.

МИБ құру - миф құру емес пе? Сарапшылар не дейді?

Гагарин көшесінде тұрамыз. Үйіміз үлкен: 140 пәтер, 12 кіреберіс бар. МИБ құрғанымызға алты айдан асты. Осы кезеңде көп іс тындырылды. Барлық дәлізге, бүкіл қабатқа үнемдегіш шамдар орнатып қойдық. Жаңбыр суы ағатын құбыр толығымен ауыстырылды. Жертөлені түгелдей тазаладық. Бізге көрші бірлестік те осындай жұмыстар атқарып тастаған. Тұрғындар жарнаны уақытылы төлеп отыр. Бұл жағынан шағым жоқ. ПИТК-тен кеткелі тарифті көтермедік. Бірақ осымен-ақ біраз шаруаны істедік. Бұрын кооператив төрағасы «ақша жетпейді» дейтін. Тиімді жұмсай білгенге ақша жетеді, – дейді МИБ төрағасы Наталья Медведева.

Ол есеп-қисап жүргізу, құжат дайындау жағынан ғана қиналғанын айтады.

Заңнамаларды біле бермейміз. Көбіміз заңгер емеспіз, басқа саланың маманымыз ғой. Кейде не қағазбен отырарыңды, не үйдің шаруасымен жүреріңді білмей қаласың. Кейбір заңдарды оқып шығу керек, – дейді тұрғын. 

Ержан Сүлейменнің тұрғын үй қатынастары бөлімі жанынан МИБ төрағаларын оқытатын орталық ашылғанын мәлім етті.

Жарна төлемейтін тұрғындар кездесіп жатады. Алайда, Сайлау Асылбаевтың пікірінше, бұл уақытша қиындық. Ол қазір ондай азаматтардың азайғанын байқаған.

Бүгінде, тұтыну кооперативтерімен салыстырғанда құрылған бірлестіктерде қарыз көлемі едәуір аз. МИБ төрағалары көршілерімен бірге қыңыр адамға бәрін тәптіштеп түсіндіріп, ақшаның қайда жұмсалып жатқанын көз алдында көрсетіп отыр. Төлемей жүргендердің арасында бұл өзгеріс соңына жетпейді деп ойлайтындар бар. Бұл бастаманың уақытша емес екеніне олардың көзін жеткізу керек. Менің болжамым – барлық үйде МИБ ашылғанда берешек мүлдем болмайды. Өйткені, ақшаның уақытылы жиналып тұруына тұрғындардың өздері мүдделі. Олар қыңыр адамды түртпектеп қоймайды. Кім көршілеріне әйкәпір болғысы келеді, төлейді, – деген ойын білдірді қауымдастық төрағасы.

МИБ құру - миф құру емес пе? Сарапшылар не дейді?

Бірлестіктерге артылған жұмыстың ауқымы өте көп. Ол «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысуға өтініш бере алады. Тұрғын үй коммандық шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламаның Қостанайдағы операторы «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы деп танылды. Қандай көмектер беріледі? Мысалы, бір үйді жөндеу керек делік. Тұрғындар жиналыс өткізіп, не керегін шешеді. Сосын ТКШ бөлімі арқылы немесе тікелей «Тобыл» ӘКК-ге өтініш жіберіледі. Жөндеуге қаржы 001 пайызбен беріледі. Облыс орталығында 75 нысан осы бағдарлама арқылы жөнделді. 

Қостанай қаласында ПИТК және МИБ-ке төленетін айлық жарнаның ең арзаны – 32 теңге, ең қымбаты – 50 теңге. Жарна пәтердің әр шаршы метріне есептеледі. Мысалы, тариф 35 теңгеден болса, 40 шаршы метрлік пәтер иесі бірлестікке айына 1400 теңге төлеуі тиіс. 

Өзгелердің жаңалығы