Бүгін, маусым айының үшінші жексенбісі – елімізде Медицина қызметкерлері күні. Дәрігерлер қауымымен бірдей жауапкершілікпен адам жанына араша болатын мамандықтың бірі – мейірбикелер екені белгілі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осы орайда, айтулы датада сертіне адал, науқастарға жауапкершілікпен қарап, дертіне шипа дарытуға атсалысып жүрген денсаулық сақшысы, 40 жылға жуық медицина саласында еңбек өтілі бар тәжірибелі, жоғары санатты мейірбике Сара Туймаковамен әңгімелесудің сәті түсті.
- Сара Қахарманқызы, қиындығы мен жауапкершілігі мол медицина саласына қалай келдіңіз? Бұл салада қызмет етуді бала күніңізден армандадыңыз ба?
- Әрбір бала секілді бала кезімізде түрлі мамандықты армандап өстім. Мен өз басым заң саласында қызмет еткім келетін. Алайда заңгер мамандығына түсуге мүмкіндігім болса да, медицинаны таңдадым. Анамның кеңесімен Петропавл қаласындағы медициналық колледжге түстім. Біздің заманымызда көбі, әсіресе қыз балалар мұғалім не дәрігер мамандығына оқуға түсетін. Тағдырдың бұйыртқаны болар, анаммен кеңесіп, медицинаға құжаттарымды тапсырып, оқуға түстім. Мектепте жақсы оқығандықтан медициналық училищеге бірден қабылдандым. Оқу ордасын үздік бітіріп, мейірбике мамандығын алып шықтым.
- Еңбек жолыңызды қай жерден бастадыңыз?
- Бала кезімізден ата-анамыз еңбекке баулып өсірді. Сондықтан еңбек жолымды студент кезімде-ақ бастадым. 3-курста оқып жүріп Петропавл қаласында облыстық балалар ауруханасына мейірбике болып мамандығым бойынша жұмысқа тұрдым. Медицинада көп нәрсені тәжірибе барысында үйренесің. Жұмысымды істеп жүріп, сол жердегі аға буын дәрігерлерден бәрін біліп, үйреніп жүрдім. Оқуымнан да қиналмадым. Үш жыл жұмыс істегеннен кейін отбасылық жағдайға байланысты Ақмола облысы Бурабай ауданына қарасты Үрімқай учаскелік ауруханасына жұмысқа кірдім. Бұл учаскелік ауруханадағы жұмысым өз ісімнің маманы ретінде қалыптасуымдағы үлкен мектеп болды деп айта аламын. Сол жерде 10 жылдан артық жұмыс атқардым. Одан кейін Астана қаласындағы №1 қалалық ауруханасында 10 жылдай мейірбике болып қызмет еттім. Қазіргі таңда Көкшетау қаласындағы «Арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығында» мейірбикемін. Бұл жерде еңбек етіп жатқаныма да 10 жылдан асып барады. Біздің орталықтағы жұмысымыз балалармен, соның ішінде ерекше балалармен тығыз байланысты. 2020 жылы әлемде коронавирус індеті жайлаған пандемия уақытында да жұмыла көмек көрсеттік.

- Медицина саласында жұмыс істеп келе жатқаныңызға 40 жылға жуықтапты. Қазір медицина күн санап қарқынды дамып келеді. Өзіңіз еңбек жолыңызды бастаған уақыттағы медицина мен бүгінгі медицинағы айырмашылықты айта аласыз ба?
- Айырмашылық өте көп. Біз жұмысты бастаған жылдары бәрін қолмен жасайтын едік. Қазіргі уақыттағыдай компьютер, смартфондар да жоқ. Бәрін қолмен жазып, негізгі ем-шараларымызды жасап болған соң кезекшілікте түнімен қолмен қағаз толтыратынбыз. Ересектермен де, балалармен де жұмыс істедім. Ешқандай жұмысты ауырсынбай істей беретінбіз. Өйткені осы қиындығы да, қызығы да қатар жүретін медицинаны таңдағаннан кейін күн-түн демей адамдарға көмек көрсетуге дайын болуға тиіспіз. Бүгін таңда әрине, медицина күн санап даму үстінде. Түрлі медициналық құрылғылар да бар. Жұмыс арасында біліктілігімізді арттырып, басқа әріптестерімізбен тәжірибе алмасамыз. Бұрын біз қолмен жасайтын ем-дом, процедуралардың біразын технология алмастырды. Алайда мейірбикені ешқандай робот та, технология да алмастыра алмайды. Мамандық ретінде өзектілігін жоғалтпайды деп ойлаймын.
Біздің орталықта ерекше балалармен жұмыс істейтіндіктен оларға әрқайсысының жағдайына қарай жеке ем-дом тағайындалады. Олардың дәрісін уақытылы беру, құрылғылармен тамақтандыру, емдеу сынды жұмыстар бізге жүктелген.

- Медицина – адам жанының арашашысы дейміз. Болашақта балаларыңыздың медицинаны таңдағанын қалайсыз ба?
- Өз басым медицинаны таңдаудың бір жағынан адамгершілік, гуманизм тұрғысынан, екінші жағынан патриоттық жағынан мағынасы бар деп ойлаймын. Өйткені, бірінші кезекте медицина – адамдарға кез келген жағдайда көмек көрсетуге дайын болу. Мамандығыңа адал болумен ұштасып жатыр. Екі балам басқа мамандықты таңдады. Отбасымда екі ұл тәрбиелеп отырмыз. Жұбайым Бақытжан екеуміз бүгінгі таңда екі немеренің ата-әжесі атандық. Немерелерімнің тым болмағанда біреуі медицина саласын таңдаса, әрине, қуанар едім. Қадірлі мамандық қай кезде де сұранысқа ие. Медицина қызметкерлерінің еңбегі көп жағдайда көзге көрініп, бағалана бермейді. Қазіргі жастардың ой-өрісі мүлдем басқа. Медицина саласы мамандарының еңбектерін көбірек насихаттаса, мамандыққа қызығатын болар.

- Мереке күні әріптестеріңізге айтар тілегіңіз бар ма?
- Медицина саласында күн-түн демей еңбек етіп жүрген барлық әріптес, үзеңгілестерді бүгінгі кәсіби мерекемен құттықтаймын! Ұлттың саулығы – елдің басты байлығы. Басқаларға көмек көрсету үшін ең алдымен денсаулық тілеймін! Заманымыз тыныш, еліміздің болашағы жарқын болсын!
- Мерекеңіз құтты болсын! Әңгімеңізге рахмет!