Әйгілі MMA жұлдыздары Шавкат Рахмоновтың жекпе-жегіне қатысты пікірлерін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еске салайық, кеше UFC 310 турнирінде Шавкат Рахмонов ирландиялық Иэн Гэрриді жеңіп, кезекті жеңісіне қол жеткізді.
Мен ең мықты жігітпен 25 минут бойы айқастым. Шавкат ең әуелі адам, мен оны жеңуге сәл-ақ қалдым. Онымен грэпплингте үстемдік көрсетіп, финишке жақындадым. Айтпақшы, негізі соққы жасауға бейіммін. Бұл жекпе-жек менің әлемдегі ең үздік жауынгерлердің бірі екенімді дәлелдейді, - деп Гэрри әлеуметтік желідегі парақшасына жазды.
Қазір Шавкат UFC бас титулына үміткер. Алайда UFC-дің алтын белбеуі америкалық-палестиналық Белал Мұхамедтің қолында. Ендігі айқас осы екі жігіттің арасында болмақ.
Келесі жылы, ең дұрысы, сәуір немесе мамырда жекпе-жек өткіземіз деп үміттенемін, - дейді Рахмонов UFC 310 турнирінен кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Шавкат Рахмонов Белал Мұхамедпен жекпе-жек туралы пікірін білдірді.
Қазір асығудың керегі жоқ, алдымен демалу керек. Белал да емделген соң қалыпқа келуде, мен оған толық сауығып кетуін тілеймін. Стильдік тұрғыдан бұл басқа жекпе-жек болады, бірақ мен чемпионға барлық аспектілерде қарсы тұруға дайын боламын. Ол жиі күресіп, тейкдаундар жасайды, бірақ бұл мен үшін қиындық тудырмайды, - дейді ол.
Шавкат "Иэн Гэрри сені қылғындырғанда не сезіндің?" деген журналистің сауалына жауап берді.
Шынымды айтсам ол сәттің қалай болғаны есімде жоқ. Иә, ол мені жақсы ұстап алып, ыңғайсыздық тудырды, - дейді файтер.
Сонымен қатар UFC чемпиондық белбеуінің иегері Белал Мұхаммад Шавкат Рахмоновтың Иэн Мачадо Гэрримен болған жекпе-жегіне баға берді.
Біз енді ғана дивизияның нағыз "бугименін" (қорқынышты жауынгер) кім екенін білдік. Мен – әлемдегі ең мықтымын. Бұл спорттың деңгейлері бар. Көбі Шавкаттың айналасында ерекше бір аура құрған. Оның Иэн Гарримен айқасы жоғары деңгейлі жекпе-жек болды, - деді Мұхаммад Bloody Elbow порталына берген сұхбатында.
Десе де турнирден соң Белал Мұхаммад оны Шавкаттың таңғалдыра алмағанын айтты.
Шавкат біздің жекпе-жегімізді белгілеген соң не боларын білесің ғой, иә? Мен кіммен жекпе-жекке шықсам да, әлі де ұзақ чемпион боламын. Сондықтан менің белбеумен тұрған түріме үйрене беріңдер, - деп мәлімдеме жасады Белал.
UFC басшысы Дана Уайт екі файтерді де жоғары деңгейдегі спортшылар деді.
Уайттың айтуынша, бұл кездесу мерзімінен бұрын аяқталмаса да, көрермендер үшін өте әсерлі болды.
Қағаз жүзінде олар октагонға шығып, соққылар алмасуы керек еді, бірақ кейде бәрі күткендегідей болмайды. 15-0 және 18-0, бұл нені білдіреді? Бұл бізде жоғары деңгейлі екі мықты спортшы бар деген сөз әрі олардың айқасы үлкен маңызға ие болды. Біз екі жігіттен де көп тамаша нәрселерді көрдік. Бұл жекпе-жек әсерлі шайқас болмаса да, мынаны айтқым келеді: бес раундтың болғанына Құдайға шүкір. Бұл жекпе-жек дәл бес раундтық форматта өтуге тиіс те еді, - деді Уайт.
UFC-дің жартылай ауыр және ауыр салмақтағы бұрынғы чемпионы Дэниел Кормье Шавкаттың басым болғанын айтады.
Бірінші және екінші раундтарда Гэрри көңілден шықпады. Бұл раундтарда айтарлықтай ештеңе болған жоқ, бірақ осы екі раундты Шавкаттың есебінде болды. Төртінші раундта да Шавкат жақсы жұмыс істеп, тейкдаун жасады. Бірақ бесінші раундта Иэннің шабулы жиілей түсті және сабмишнге (еск. - қылғындыру әдісі) жақын қалды. Бұл өте қызықты жекпе-жек болды, - деді Кормье.
Рахмоновтың табысы өсіп келе жатыр
Sportal Mag порталы UFC 310 турнирінің гонорарлары туралы ақпаратты жария етті.
Ақпаратқа сенсек, Шавкат Рахмонов жекпе-жек үшін 350 мың доллар кепілдендірілген гонорар алады. Оның үстіне жеңісі үшін табысы тағы 100 мың долларға артады.
Иэн Гэрридің гонорары - 150 мың доллар және жеңген жағдайда ол да қосымша 100 мың доллар алатын еді.
Турнирдің ең жоғары гонорарлары басты жекпе-жек қатысушыларына тиесілі болады: бразилиялық Алешандре Пантожа 750 мың доллар табыс тапса, жапондық Кай Асакура 500 мың доллар иеленді.