Менің міндетім – журналистердің мүддесін қорғайтын, мәртебесін көтеретін заң жасау – министр

27 Ақпан 2021, 14:45
1862
Бөлісу:
Менің міндетім – журналистердің мүддесін қорғайтын, мәртебесін көтеретін заң жасау – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева inbusiness.kz порталына берген сұхбатында салалық журналистиканы дамыту, білікті журналистік кадрларды ұстап қалу және министрлік алдындағы тұрған негізгі міндеттер жайлы айтты.

Бізде кадрларды оқыту, қайта даярлауды көздейтін жоспар бар. Биыл ақпан айынан бастап салалық журналистиканы дамыту бағытында жұмыс істей бастадық. Жекелеген университеттермен меморандумдарға қол қойдық – медицина, ауыл шаруашылығы, экология, дін және т.б. саласында журналистерді дайындаймыз, олар кәсіби дәрігерлер немесе экологтар болмайды, бірақ олар белгілі бір саланың даму ерекшеліктерін түсінетін болады. Қазірдің өзінде 300-ге жуық журналист сертификат алды және бұл жұмыс жалғасады. Біз мемлекеттік, сондай-ақ жеке меншік БАҚ журналистерінің біліктілік деңгейін арттыру үшін шетелдік медиамектептермен жұмыс істейміз. Министрлік журналистиканы дамытуға мүдделі. Мұнда негізгі фактор – журналистика факультеттерінде білім қалай беріледі, сол болып отыр. Биыл қандай да бір жоғары оқу орнының, қандай да бір факультеттің бағдарламасы қазіргі заманғы талаптарға сәйкес келмесе, оқу жоспарын зерделеу және БҒМ-ге ұсынымдар беру міндеті тұр, - деді министр.

Аида Балаева білікті журналистік кадрларды қалай ұстап қалуға болатынына қатысты да ойын айтты. 

Қазір журналистердің мәртебесі бойынша көптеген сұрақтар көтеріліп жатыр. Міне, біз әзірлеп жатқан заң жобасы осы сәттерді қозғайды, тұжырымдамалық пайым бар. Біз журналист мәртебесін арттырғымыз келеді. Журналист салада қалып, кәсіби тұрғыдан өсу үшін артықшылықтар мен ынталандыруға ие болуы керек. Біздің негізгі міндетіміз – журналистердің мүддесін қорғау, - деді ол.

Министр Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі алдында қазір қандай мәселені шешу міндеті тұрғанын айтып берді.

Ең алдымен, кәсіби журналистиканың дамуы. Мен салалық журналистиканы дамытудың нақты жоспарлары бар екенін айттым. Біздің журналистердің біліктілігін арттыру, меншік нысанына қарамастан барлық журналистердің кәсіби өсуі үшін жағдай жасау. Менің міндетім – журналистердің мүддесін қорғайтын, мәртебесін көтеретін, ынталандыратын жақсы толыққанды заң жасау, өйткені, олар үлкен жауапты міндетті орындайды. Қоғамдағы тұрақтылық журналистердің кәсібилігі мен қызметіне тікелей байланысты. Сондықтан министрлік уәкілетті орган ретінде бірлесіп жұмыс істеу үшін және тиісінше, халыққа дұрыс басымдықтарды қалыптастыруға көмектесу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтын болады, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы