«Мені Қазақстанға Денис Тен әкелді». Жапон қызы Айгүлдің тағдыры

23 Сәуір 2023, 15:05
12348
Бөлісу:
«Мені Қазақстанға Денис Тен әкелді». Жапон қызы Айгүлдің тағдыры
Фото: автордан Misaki Ebina Instagram парақшасы

ҚазҰУ студенті жапондық Мисаки Эбина қазақ тілін 7 айда үйренген. Ол тіпті өзінің атында “Айгүл” деп қазақша атап жүр. Оның елімізге қалай келгені туралы өзімен сұхбаттасып көрдік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Өзіңізді Айгүл есімімен атап жүрсіз. Атты қалай таңдадыңыз?

Менің атым - Мисаки. Оның “ми” деген мағынасы жапонша “әдемі” деген сөз, ал “саки” сөзі гүл деген мағына береді. Осы есімге орайластырып “Айгүл” есімін таңдадым.

- Қазақстанға келуіңізге не түрткі болды?

Қазақстанды қатты жақсы көремін. Мені Қазақстанға әкелген - Денис Тен. 2014 жылы Сочи Олимпиадасындағы өнеріне қатты тамсандым. Алдымен оның өнері үшін жақсы көрдім, өйткені ол өзінің отанын жақсы көріп, әрқашан Қазақстанды дамыту үшін әрекет жасайтын. Сондай бір күні Денис Теннің сұхбатын тындап отырып, бірте-бірте оның туған еліне Қазақстанға қызығушылығым оянды.

- Қанша тіл білесіз? Тағы қандай тілдерді үйреніп жатырсыз?

Мен жапон тілін, қазақ тілін және ағылшын тілін білемін. Бұрын орыс тілін де үйренген едім, бірақ ұмытып қалдым. Ал қазір кішкене кәріс тілін де үйреніп жүрмін, себебі жапон тілі мен қазақ тілі грамматика жағыннан ұқсас келеді, оларды салыстыру өте қызық.

- Кумиріңіз Денис Тен болыпты. Басқа қандай танымал қазақстандықтарды білесіз?

Мен қазақ музыкасын тыңдауды қатты ұнатамын. Димаш Құдайберген, Ninety One сияқты әлемде әйгілі әншілерді жақсы көремін. Сонымен бірге Айқын Төлепберген, Зируза Тасмағамбетова және Ғазизхан Шекербековті де тыңдаймын. Бүгінгі таңда Құрмаш Маханның “Аяулым” әнін күнде тыңдап жүрмін.

- Ұлттық тағамдарымыз ше?

Әрине, ет пен қазының дәмі тіл үйіреді.

- Қазақ халқының әдет-ғұрпы, дәстүрі мен ырымдары деген көзқарасың қалай?

Иә, маған қазақтар ұнайды. Қазақ халқы - өте мейіріміді әрі қонақжай. Маған әсіресе қазақтың түсқиіз деген кесте тігу мәдениеті қызықтырды. Қазақтар бұрында көшпелі өмір сүрген кезде анасы өзінің қызына 3-6 ай ұзақ уақыт жұмсап, түскиіз жасапты. Түскиіздегі әр оюда әртүрлі тілек болады екен. Бақыт, денсаулық, байлық т.б. Қызы тұрмысқа шыққанда бақытты болу үшін осы түскиізді сыйлаған. Осындай қазақтың мәдениеті көріп таңқалдым.

Сондықтан мен де Денис Тенге түскиіз сияқты кілем тігуге шешім қабылдадым. Содан 3 ай бойы достарыммен ойнамай, бір күн демалмай, кесте тіктім. Кейін іс-шаралардың бірінде журналист менен «Мұны Дениске сыйлағыңыз келе ме?» - деп сұрады. Мен «Әрине»деп жауап бердім. Содан кейін Жапонияда онымен кездесіп, өзім жасаған кілемінді сыйға тартқан едім.

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы