Цирк. Ә дегенде қазақтың өзге жұрттан үйренген өнері ма деп қаласың. Аты да, заты да солай көрінеді.
Алайда, мазмұнына үңілсең олай еместігін анық аңғаруға болады. Латынның "циркус" сөзінен аударғандағы мағынасы – домалақ, яғни мұндағы сахнаға қатысты берілген. Ал манеждің пішіні көшпенді халықтың ертедегі ойын-сауық алаңдары іспетті. Өнерпаз ортада, айналасында қаумалаған көрермен. Шеңбердің ішіне небір шебер шығатын болған. Қазіргі циркте де сол.