Үздік ұстазға жаңа мемлекеттік награда берілуі мүмкін

10 Қаңтар 2019, 19:22
6384
Бөлісу:
Үздік ұстазға жаңа мемлекеттік награда берілуі мүмкін

Астана, baq.kz тілшісі. Үздік ұстаздарды ынталандыру мақсатында «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атты мемлекеттік награда тапсыруды ұсындық. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары Сәуле Кабимолдаева мәлім етті.

Бүгін Астанадағы №59 мектепте «Мұғалімдер мәртебесі туралы» заңының жобасы талқыға салынды. Шараға ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Эльмира Суханбердиева, Астана қаласы білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин қатысты.

Заң жобасындағы ұсыныстарды мұғалімдерге Сәуле Кабимолдаева айтып берді. Оның айтуынша, енді үздік ұстаздарға жаңа мемлекеттік награда тапсырылуы мүмкін.

«Аталған заң жобасындағы тағы бір жаңалық – үздік ұстаздарды ынталандыру. Біз «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атты мемлекеттік награданы енгізуді ұсындық. Жергілікті атқарушы органдар қосымша шаралдарды бекіту арқылы мұғалімдерді ынталандыра алады. Оның ішінде мерекелік даталарда бар», - деді ол елордадағы №59 мектепте өткен қоғамдық тыңдау барысында.

Осыған дейін мұғалімдер қашан зейнетке шыға алатынын, мұғалімдердің еңбегін заңсыз пайдаланғандар жазаға тартылатынын және заңның қашан қабылданатынын жазғанбыз.

Айта кетейік, өткен жылы Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында үкіметке мұғалім мәртебесі туралы заң жобасын дайындауды тапсырды.

Ал Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева Сенатта өткен Үкімет сағатында аталған заң жобасының дайындала бастағанын мәлімдеген.

Дәурен Ерболат, фото: Нұржас Жақсыбай

Өзгелердің жаңалығы