Төтенше жағдайлар министрлігі асүйдегі болмашы абайсыздықтың өзі өрттің тез таралуына себеп болуы мүмкін екенін ескертті. Қосулы күйде қалған плита, қатты қызып кеткен май немесе ақауы бар тұрмыстық техника санаулы секундта үлкен өртке әкелуі ықтимал.
2026 жылдың басынан бері Қазақстанның тұрғын үй секторында 4 876 өрт тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,5 пайызға аз. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрттің 50,6 пайызы электр жабдықтарын орнату және пайдалану талаптарының бұзылуынан болған. Тағы 18,4 пайызы пешпен жылыту жүйесін орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауынан, ал 16 пайызы отпен абайсыз жұмыс істеуден шыққан.
Плита үстіндегі май тұтанса не істеу керек?
Ең басты ереже – жанып жатқан майды сумен сөндіруге болмайды. Бұл майдың жан-жаққа шашырап, жалынның тез таралуына әкелуі мүмкін.
Не істеу керек:
-
Қауіпсіз болса, плитаны өшіріңіз.
-
Табаның немесе кастрөлдің бетін қақпақпен жауып, оттегінің кіруіне жол бермеңіз.
-
Жанып жатқан ыдысты орнынан қозғамаңыз.
-
Май толық суығанша қақпағын ашпаңыз.
Егер жалын тарала бастаса, дереу бөлмеден шығып, 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарласыңыз.
Электр құрылғысы өртенсе не істеу керек?
Ток көзіне қосылып тұрған электр құрылғысын сумен сөндіруге болмайды.
Мұндай жағдайда:
-
Қауіпсіз болса, электр құрылғысын желіден ажыратыңыз.
-
Түтін шығып немесе жалын тарала бастаса, өртті өз бетіңізше сөндіруге тырыспаңыз.
-
Бөлменің есігін жауып, пәтерден шығыңыз.
-
Көршілер мен жақын маңдағы адамдарға ескертіңіз.
-
Лифтіні пайдаланбаңыз және жеке заттарыңызды алу үшін қайта кірмеңіз.
Асүйдегі өрттің төтенше жағдайға ұласуына жол бермеу үшін тамақ пісіріп жатқанда плитаны қараусыз қалдырмаңыз. Сүлгі, ұстағыш және басқа да тез тұтанатын заттарды плитадан алыс ұстаңыз. Электр сымдары мен тұрмыстық техниканың жай-күйін үнемі тексеріп отырыңыз. Балалары бар отбасылар плитаны және ыстық ыдыстарды балалардың қолы жетпейтін жерде ұстауы керек. Ең бастысы, өрттің алғашқы белгілері байқалғанда мүлікті құтқаруға уақыт жоғалтпаңыз, – деп ескертті Төтенше жағдайлар министрлігі.