Бұл туралы Қаржы вице-министрі Эльдар Қазғанбаев Президент жанындағы ОКҚ-да өткен брифингте айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс Қаржы министрлігі қызметінің барлық саласын қамтиды, бұл стратегиялық және бюджеттік жоспарлау, бюджеттің атқарылуы мен оны бақылау, салық және кедендік әкімшілендіру. Мемлекеттік жоспарлауда министрлік мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесін дамыту бойынша жобаны іске асыруда, оның аясында стратегиялық және бюджеттік жоспарлау рәсімдері автоматтандырылады, - деді Қазғанбаев.
Ол атағандай, 2020 және 2021 жылдары осы жобаны іске асырудың бірінші және екінші кезеңі аяқталды.
Биыл Қаржы министрлігі жобаны іске асыруды аяқтауды жоспарлап отыр, бұл рәсімдерді оңтайландыруға және республикалық бюджетті жоспарлау рәсімдерінің транспаренттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алулар толығымен электронды түрде өтіп жатыр. Мемлекеттік сатып алу порталында 100 мыңнан астам өнім беруші мен 24 мың тапсырыс беруші тіркелген. Күн сайын жүйеде 15,3 млрд теңге сомасына 4,5 мың шарт жасалады. 1 700 сатып алу жүргізіледі. Жаңа бастамалардың ішінен Қаржы министрлігі 2022 жылдан бастап тауарлардың сипаттамаларын біріздендіру және стандарттау бойынша тауарлардың электрондық каталогын іске қосты, - деді Қазғанбаев.
Оның айтуынша, 1 шілдесінен бастап мемлекеттік сатып алуларда тауарлардың техникалық ерекшеліктерін қалыптастыру бойынша функционал қолжетімді.
Каталогты пайдалану мемлекеттік сатып алуларда ғана емес, бюджеттік жоспарлау, сондай-ақ салықтық және кедендік әкімшілендіру жүйелерінде де жоспарланады, - деді ол.