Мемлекеттік тілдің жаңа майданы: Жасанды интеллект дәуірінде қазақ тілі қай деңгейде?

Қазақ тілі цифрлық дәуірдің талабына қаншалықты дайын? Жасанды интеллект мемлекеттік тілдің дамуына мүмкіндік аша ма, әлде жаңа сын-қатерлер алып келе ме?

Бүгiн 2026, 19:53
АВТОР
 pixabay.com Бүгiн 2026, 19:53
Бүгiн 2026, 19:53
218
Фото: pixabay.com

Биыл елімізде «Digital Qazaqstan» ұлттық стратегиясы қабылданып, 2029 жылға дейін мемлекеттік басқару, білім беру, денсаулық сақтау және экономиканың түрлі саласына жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу көзделді. Сонымен қатар Қазақстан Орталық Азияда алғашқылардың бірі болып «Жасанды интеллект туралы» заң қабылдап, бұл саланы құқықтық тұрғыдан реттеуге кірісті.

Технологиялық жаңғыру мемлекеттік тілге де жаңа міндет жүктеп отыр. Бүгінде ChatGPT, Gemini секілді платформалар қазақ тілінде мәтін құрастырып, сұрақтарға жауап бере алады. Алайда қазақ тілі цифрлық дәуірдің талабына қаншалықты дайын? Жасанды интеллект мемлекеттік тілдің дамуына мүмкіндік аша ма, әлде жаңа сын-қатерлер алып келе ме? Осы мәселе төңірегінде филология ғылымдарының кандидаты, социолингвист-ғалым Аман Абасиловтың пікіріне сүйеніп, қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі бүгінгі жағдайы мен болашағына талдау жасап көрдік.

Ахмет Байтұрсынұлы айтқан «жазу заманы» аяқталды ма?

Қазақ тілінің цифрлық болашағы туралы сөз қозғалғанда профессор әңгімені бүгіннен емес, жүз жыл бұрынғы тарихи кезеңнен бастады.

Осыдан бір ғасыр бұрын Ахмет Байтұрсынұлы "Біздің заманымыз – жазу заманы" деген еді. Ол кезде адамзат ауызша сөйлеуден жазба мәдениетке көшіп жатқан болатын. Ал бүгін біз мүлде жаңа кезеңге аяқ бастық. Бұл – цифрлық дәуір. Сондықтан қазақ тілі бұл үдерістен тыс қалмай, оның бел ортасында жүруі керек, - дейді ол.

Расында да, өткен ғасырдың басында қазақ қоғамы үшін ең үлкен жаңалық – жазудың жүйеленуі еді. Ахмет Байтұрсынұлы әліпби жасап, емле қалыптастырып, қазақ тіл білімінің негізін қалады. Соның арқасында қазақ тілі ғылыми тілге, баспасөз тіліне, мемлекеттік тілге айналды.

Ал XXI ғасырда жағдай өзгерді. Енді тілдің өміршеңдігі оның қағаздағы емес, цифрлық кеңістіктегі мүмкіндігімен өлшенеді. Бүгінде ChatGPT, Gemini, Copilot секілді жүйелер миллиондаған адамның күнделікті көмекшісіне айналып келеді. Егер қазақ тілі осы жүйелердің ішінде толыққанды жұмыс істемесе, ертең оның қолданылу аясы тарылуы мүмкін.

Бұл жерде мәселе тек аудармада емес. Мәселе – қазақ тілінде ойлайтын, қазақ мәдениетін түсінетін, қазақтың танымын жеткізе алатын цифрлық жүйелерді қалыптастыруда.

Қазақ тілі шынымен артта қалып бара ма?

Әлеуметтік желілерде қазақ тілінің жасанды интеллектідегі мүмкіндігі туралы пікірлер екіге бөлінеді. Бір тарап ChatGPT қазақша мәтіндерді жақсы жазып келеді дейді. Екінші тарап керісінше, мәтіндердің калькаға толы екенін, сөйлемдердің қазақы ойлау жүйесіне сәйкес келмейтінін алға тартады.

Аман Абасилов бұл пікірмен толық келіспейді.

Қазақ тілінің шамасы жетпейді деп айту дұрыс емес. Тілдің мүмкіндігі жеткілікті. Мәселе – оны қолданатын адамдардың аздығында. Қазір ChatGPT те, Gemini де қазақша сөйлей бастады. Google Translate пен Яндекс аудармашысының сапасы да бұрынғыдан әлдеқайда жақсарды. Бірақ халық олардың мүмкіндігін толық пайдаланып отырған жоқ, - деді ол.

Профессордың айтуынша, цифрлық ортада тілдің өміршеңдігін анықтайтын негізгі фактор – сол тілдегі контент көлемі. Яғни жасанды интеллект қазақ тілін өзі ойлап таппайды. Ол адамдар жазған мәтіндерден үйренеді. Ғылыми мақалалардан, көркем әдебиеттен, сөздіктерден, бұқаралық ақпарат құралдарынан, мемлекеттік құжаттардан үйренеді. Сондықтан қазақ тіліндегі сапалы контент көбейген сайын жасанды интеллект те қазақ тілін тереңірек меңгере бастайды.

Жасанды интеллект кінәлі ме, әлде біз бе?

Көпшілік ChatGPT жіберген қателіктерді көргенде бірден технологияны кінәлайды. Бірақ мәселенің екінші жағы да бар. Жасанды интеллект өздігінен тіл ережесін ойлап таппайды. Оған қандай мәлімет берілсе, сол бойынша жұмыс істейді.

Кейде қазақ тілі дұрыс аудармайды деп жасанды интеллектіні кінәлаймыз. Бірақ бағдарламаны әзірлейтін ІТ мамандары тіл мамандарынан кеңес сұрағанда, кейбір мәселеде нақты ғылыми ереженің өзі толық қалыптаспаған болып шығады. Сондықтан алдымен өзіміздің ғылыми базаны күшейтуіміз керек, - дейді ол.

Ғалым мұның маңыздылығын былай деп түсіндіреді.

Мысалы, қазір қазақ тілінің емлесі, жаңа терминдердің жазылуы, латын графикасына көшуге қатысты нормалар әлі де жетілдіріліп жатыр. Демек, жасанды интеллектінің сапасы тек технологияға емес, қазақ тіл білімінің өзіне де тікелей байланысты. Басқаша айтқанда, бүгін тіл маманы жасаған ғылыми еңбек ертең жасанды интеллектінің жауабына айналады, - деп түсіндіреді ол.

Сондықтан тіл ғылымы енді тек кітаппен ғана шектелмейді. Ол цифрлық технологияның да негізіне айналып отыр.

ChatGPT қазақша ойлана ала ма?

Жасанды интеллект туралы сөз болғанда көпшілік оның мәтін құрастырып, аударма жасай алатынын біледі. Алайда ол қазақтың ұлттық дүниетанымын, мәдениетін, астарлы мағыналарын түсіне ала ма?

Бұл сұраққа Аман Абасилов нақты тәжірибеден мысал келтіреді.

Оның айтуынша, бірде өзі ChatGPT-ге қазақтың көне логикалық жұмбақтарының бірін қойған. Онда жесір қалған келіннің ауыл болысына екі түрлі жілік тартуының астарлы мәні сұралады. Бұл – қазақтың салт-дәстүрі мен тұрақты тіркестерін білмейінше жауап беру қиын сұрақтардың бірі.

Мен бұл сұрақты ChatGPT-ге қойдым. Ол бірден жауап бере салған жоқ. Алдымен осыған қатысты қазақтың фразеологиялық тіркестерін келтірді. Кейін "асық жілік пен кәрі жіліктей болмашы" деген тұрақты тіркестің мағынасын түсіндіріп, әңгіменің астарын ашып берді. Шынын айтсам, таңғалдым. Демек, жасанды интеллект қазақ мәдениетіне қатысты ақпараттарды да меңгере бастады, - дейді ғалым.

Бұл мысал бір нәрсені көрсетеді. Жасанды интеллект қазақтың орнына ойламайды. Бірақ қазақ тілінде жинақталған білімді байланыстырып, адамның назарынан тыс қалған ақпаратты қайта ұсына алады.

Қазақ тілінің тағдырын енді тек филологтар ғана шешпейді. Осы уақытқа дейін қазақ тілінің дамуы туралы сөз болғанда әңгіме көбіне мектеп, оқулық немесе емле төңірегінде өрбитін. Ал қазір жағдай өзгерді. Енді мемлекеттік тілдің болашағы бағдарламашылардың, деректер инженерлерінің және жасанды интеллект әзірлеушілерінің жұмысына да тәуелді.

«Лингвистикалық жедел жәрдем»: қазақ тіліне арналған цифрлық көмекші

Сарапшының айтуынша, ендігі мақсат - тек дайын технологияларды пайдалану емес, қазақ тілінің өзіне бейімделген цифрлық өнімдерді жасау.

Сол жобалардың бірі ғалым ұсынып отырған -  «Лингвистикалық жедел жәрдем»  чат-боты.

Адам ауырса – жедел жәрдем шақырады. Ал сөзің жетпей қалса ше? Бір сөздің мағынасын білмей тұрсаң немесе ресми құжатты қазақша рәсімдей алмасаң не істейсің? Сондықтан біз "Лингвистикалық жедел жәрдем" чат-ботын ұсынып отырмыз, - дейді ол.

Ғалымның айтуынша, мұндай цифрлық көмекші бірнеше міндетті қатар атқара алады. Мәселен, мемлекеттік қызметкерге ресми құжаттың үлгісін әзірлеп береді. Журналистке сөз қолданысын немесе тұрақты тіркесті ұсынады. Кәсіпкер жаңа дүкеніне немесе мейрамханасына қазақы әрі мағыналы атау іздесе, бірнеше нұсқа ұсына алады. Ал қарапайым тұрғын үшін сөздің мағынасын, тұрақты тіркестерді, мәтін құрастыру ережелерін түсіндіретін электронды кеңесші қызметін атқарады.

Жасанды интеллект сөздік қорымызды азайта ма?

Қоғамда жиі айтылатын пікірдің бірі – жасанды интеллект адамдарды жалқаулыққа үйретеді, ойлау қабілетін төмендетеді деген көзқарас. Бұл пікірге Аман Абасилов тарихи мысалмен жауап береді.

Жазу алғаш пайда болған кезде де адамдар қорыққан. "Енді ешкім ештеңені жаттамайды" деді. Бірақ уақыт өте келе жазу адамзат өркениетінің ең үлкен жетістіктерінің біріне айналды. Жасанды интеллект те сондай кезеңнен өтіп жатыр. Одан қорқудың қажеті жоқ, - дейді Аман Абасилов.

Шын мәнінде, кез келген технология адамның орнын басу үшін емес, оның уақытын үнемдеу үшін жасалады.

Бүгінгі таңда ешкім калькулятор шыққаны үшін математиканы ұмытқан жоқ.Ешкім кір жуатын машина пайда болды екен деп тазалықтан бас тартқан жоқ. Сол сияқты жасанды интеллект те адамның ойын алмастырмайды. Ол тек ойды жүзеге асыруды жеңілдетеді, - дейді ол.

Цифрлық дәуірдегі мемлекеттік тіл: ендігі міндет қандай?

Қазақстанда мемлекеттік тілді дамыту туралы сөз көбіне оның қолданылу аясын кеңейтумен байланыстырылып келеді.  Алайда профессор сөзінше, алдағы жылдары бұл ұғымның мазмұны өзгереді.

Енді қазақ тілінің бәсекеге қабілеттілігі оның цифрлық кеңістіктегі орны арқылы бағалануы мүмкін. Егер мемлекеттік қызметтер, білім беру платформалары, электронды кітапханалар, іздеу жүйелері мен жасанды интеллект қазақ тілінде сапалы жұмыс істесе, мемлекеттік тілдің де мүмкіндігі кеңейе түседі, - деп болжайды ғалым.

Керісінше, қазақ тілі жаңа технологияларға бейімделмесе, оның қолданылу аясы табиғи түрде тарылуы ықтимал.Сондықтан бүгінгі таңда филологтың да, бағдарламашының да, журналистің де ортақ мақсаты – қазақ тілін цифрлық кеңістікте өмір сүретін тілге айналдыру.

Егер біз бүгін қазақ тілін цифрлық кеңістікке толық енгізе алсақ, ертең жасанды интеллект қазақша сөйлеп қана қоймай, қазақша ойлайтын технологиялық орта қалыптастыруға мүмкіндік туады. Сол кезде мемлекеттік тілдің жаңа майданы жеңіспен аяқталмақ, - деп түйіндеді ғалым.

Наверх