Мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған қаржы қайда және қалай жұмсалып жатыр? – депутат Үкіметтен есеп беруін сұрады

30 Наурыз 2022, 11:34
2532
Бөлісу:
Мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған қаржы қайда және қалай жұмсалып жатыр? – депутат Үкіметтен есеп беруін сұрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров қазақ тілін үйрету бағдарламалары мәселесін көтеріп, Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады.

Қазіргі өте күрделі геосаяси жағдай еліміздің ішкі саясатының көптеген аспектісін қайта қарауды талап етеді. Осынау терең мәселенің бірі - тіл саясаты, оның ішінде мемлекеттік тілді үйрену проблематикасы. Мемлекеттік тілді үйрету, оған баулу ыждахатты түрде бола отырып,  өзара сыйластық, бауырластыққа әкелуі қажет, - деп есептейді депутат.

Саиров ана тіліміз қоғамның ынтымағының, бірлігінің символына айналуы өте маңызды екеніне тоқталды.

Мемлекет басшысы біздің тарихымыз да, болашақ тағдырымыз да тізімізге байланысты екенін атап өтті. Осы тұрғыда, мемлекеттік тілді үйретудің бағдарламаларының тиімділігі, тіл үйренушілерге нақты көмек жасауға қабілеттілігі тұрғысынан аудит жүргізу өте маңызды. AMANAT партиясы сайлауалды бағдарламасында мемлекеттік тілді дамытуға баса назар аударылған, - деп айтты ол.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Үкіметтен оқу-үйрету бағдарламаларының тиімділігі туралы есеп беруді сұрады.

Мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған қаржы қайда, қалай жұмсалып жатқандығы туралы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету маңызды. Сондай-ақ мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған оқу-үйрету бағдарламаларының тиімділігі жөнінде, қанша адам үйреніп шықты, қанша адам тілдік бірінші, екінші сатыға өткендігі жөнінде сараптама жасау қажет, - деді мәжілісмен.

Одан бөлек, ерікті азаматтардың қазақ тілін үйренемін деушілерге әдістемелік тәсіл жағынан көмектесуге қабілетті бағдарламаларын мемлекеттік органдар қаншалықты тиімді қолданып жатқандығы туралы сұрады.

Осы мәселелер бойынша Үкіметтің құзырлы органдарының қоғам алдында есеп беруі қажет. Мемлекеттік тілді дамытудың арғы жағында - ел мен жер мәселесі тұр. Мемлекет мығым болуы үшін ана тіліміз асқақтауы маңызды. Қазақ тілі - қоғамның ынтымақ, бірлігінің уығы, елдің консолидацияның тірегі болуы  тиіс, - деп Ерлан Саиров сауал жолдады.

Өзгелердің жаңалығы