«Мемлекеттік тіл және БАҚ» конкурсының жеңімпаздары анықталды

30 Қараша 2021, 22:30
852
Бөлісу:
«Мемлекеттік тіл және БАҚ» конкурсының жеңімпаздары анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы аясында «Тәуелсіз елдің тілі» тақырыбында ұйымдастырылған «Мемлекеттік тіл және БАҚ» конкурсы мәресіне жетті.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, нағыз тіл жанашырын анықтайтын конкурс биыл 16-шы рет ұйымдастырылды.

Ережеге сәйкес ел аумағындағы БАҚ-та жарияланған журналистік еңбектердің мазмұны мемлекеттік тілдің қызмет ету аясын кеңейту, мәртебесін нығайту, мемлекеттік тілдің қазіргі ахуалын талдау және оған мониторинг жүргізуге бағытталған.

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық конкурсына төрт номинация бойынша 131 журналистен 300-ге жуық материал келіп түсті.

Конкурсқа ұсынылған еңбектерді елімізге белгілі журналистерден құрылған арнайы қазылар алқасы сараптап, жеңімпаз бен жүлдегерлерді анықтады.

Мерзімді басылымдардан «Үздік мақала» аталымына 137 материал жолданса, «Үздік сайт мақаласы» номинациясына 59 материал қабылданды. Ал «Үздік радиобағдарлама» аталымына 17 радиохабар ұсынылса, «Үздік телебағдарлама» номинациясы бойынша 73 материалдан үздік үштік анықталды.

«Үздік мақала» номинациясы бойынша 3-орынды «Айқын» газетінің тілшісі Абылайхан Жұмаш, 2-орынды «Егемен Қазақстан» газетінің журналисі Думан Анаш, ал 1-орынды «Солтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі Ақмарал Есдәулетова иеленді.

«Үздік сайт мақаласы» номинациясы бойынша 3-орын журналист Ерғали Серікке, 2-орын «Nege» сайтының журналисі Динара Мыңжасарқызына, 1-орын «Qazaq» газеті сайтының журналисі Ермек Жұмахметұлына бұйырды.

«Үздік радиобағдарлама» номинациясы бойынша 3-орынды «Жамбыл» радиосының редактор-жүргізушісі Жұлдыз Бейсек, 2-орынды «Халық» радиосының редакторы Раушан Сыбанжанова, 1-орынды «Шалқар» радиосының жетекші редакторы Оңғар Құрал қанжығасына байлады.

«Үздік телебағдарлама» номинациясы бойынша 3-орын иегері «Алматы» телеарнасының тілшісі – Мадина Оқас, 2-орын иегері «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының тілшісі – Қозы Көрпеш Жасаралұлы, 1-орын иегері «ҚазАқпарат» агенттігінің редакторы – Азамат Нұғыманов.

Бас жүлде – «Түркістан» газетінің тілшісі Әлия Тілеужанқызына бұйырды. Бас жүлде иегеріне 1 000 000 теңгенің сертификаты табысталды.

Конкурстың ұйымдастырушысы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитеті мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін конкурсқа қатысқан барлық журналистерге алғысхат жолдады.  

         


Өзгелердің жаңалығы