Мемлекеттік сатып алуды дұрыс ұйымдастырмаған әкімге 9 млн теңге айыппұл салынды

29 Ақпан 2024, 11:12
312
Бөлісу:
Мемлекеттік сатып алуды дұрыс ұйымдастырмаған әкімге 9 млн теңге айыппұл салынды

Алматыда мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде жіберілген бұзушылықтар үшін ауданның бұрынғы әкімі жауапқа тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Алматы қаласының прокуратурасына сілтеме жасап.

Алматы қаласының прокуратурасы мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру барысында жергілікті атқарушы органдар жіберетін заң бұзушылықтарды анықтады.

Мысалы, мемлекеттік сатып алуға қатысушыларда сәйкес рұқсаттың (лицензия) болуына қарамастан, тапсырыс беруші (ұйымдастырушы) олардың конкурстық өтінімдерін негізсіз кері қайтарған. Егер олар конкурсқа жіберілгенде, 100 млн теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеуге болатын еді.

Көрсетілген құқық бұзушылықтар үшін бұрынғы аудан әкіміне 9.2 млн теңге әкімшілік айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар қала әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына 43.3 млн теңгеге 161 әкімшілік айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - делінген хабарламада.

Басқа жағдайда, тапсырыс берушілердің бірі конкурс жариялау кезінде тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді біртекті түрлері мен оларды жеткізу орны бойынша бөлмеген. Осылайша ірі кәсіпкерлерге артықшылық бере отырып, шағын және орта кәсіпкерліктің әлеуетті өнім берушілерін конкурсқа қатысудан шектеген.

Прокуратураның қадағалау актісі бойынша конкурстың күші жойылды және мемлекеттік сатып алуға қатысатын әлеуетті өнім берушілердің тең шарттары сақталуына сәйкес қайта өткізілді.

Жалпы, 2024 жылдың басынан бастап прокурорлардың актілері бойынша 10 млрд теңгеден астам сомаға конкурстар тоқтатылды.

Өзгелердің жаңалығы