Мемлекеттік сатып алу толығымен электронды форматқа көшірілді – Жамаубаев

15 Ақпан 2022, 10:31
1847
Бөлісу:
Мемлекеттік сатып алу толығымен электронды форматқа көшірілді – Жамаубаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мемлекеттік сатып алу бойынша жасалып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Мемлекеттік сатып алу процесі толығымен электронды форматқа көшірілді. Бүкіл процесс айқын және барлығына қолжетімді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы жылдары бір көзден тікелей сатып алу үлесі 64%-дан 39%-ға дейін қысқарды, - дейді министр.

Сөзінше, осы жылдан бастап тікелей сатып алудың тағы 6 негізі заңнан алынып тасталды.

Сатып алу процесін жетілдіру мақсатында электрондық дүкен түріндегі жаңа тәсілдер енгізілді. Бір күндік фирмалардың сатып алуға қатысуын шектейтін  қаржылық тұрақтылық көрсеткіші белгіленді. Құрылыс саласындағы жеткізушілердің жұмыс тәжірибесін автоматты түрде есептеу үшін электрондық депозитарий енгізілді, - деп айтты Ерұлан Жамаубаев.

Нарықтағы монополияны болдырмау, сондай-ақ шағын және орта бизнестің өсуіне мүмкіндік беру мақсатында сатып алуға қатысу лимитін белгілеу жоспарланып отыр.

Бір көзден сатып алуды одан әрі қысқарту жалғасады. Жеткізушілерге қойылатын жоғары талаптарды болдырмау және сапалы тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу үшін біріздендірілген техникалық ерекшеліктерді кеңінен қолдану жоспарланып отыр. Бұдан басқа, 2023 жылдан бастап өмірлік цикл құнын пайдалана отырып, сатып алудың жаңа тәсілі енгізілетін болады, бұл да сапалы тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді  сатып алуға ықпал етеді, - деп түсіндірді Қаржы министрі.

Ол баяндағандай, тапсырыс берушілерге қоғамдық бақылауды және сатып алуды жүзеге асыру сапасын арттыру мақсатында мемлекеттік органдардың тиімділік рейтингін жүргізу және оны жариялау ұсынылады. 

Өзгелердің жаңалығы