- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Мемлекеттік қолдаумен ашылған орталық: Елордада аутизмі бар балаларға қандай жағдай жасалған?
Мемлекеттік қолдаумен ашылған орталық: Елордада аутизмі бар балаларға қандай жағдай жасалған?
Жобаға 230 млн теңге инвестиция тартылып, 301,4 шаршы метр ғимарат сатып алынған. Қазір мұнда 35 бала спорт, шығармашылық және тіл дамыту бағыттары бойынша сабақ алады.
30 Қыркүйек 2026, 17:47
Астанада аутизмі бар балаларға, жасөспірімдерге және ересектерге түзету-білім беру қызметтерін көрсететін орталық жұмыс істейді. «Qadam special school» ЖШС «Даму» қорының мемлекттік қолдауымен инвестициялық жобаға 230 млн теңге қаржы тартып, жаңа ғимарат сатып алып, оны қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтаған. BAQ.KZ тілшісі орталыққа барып, балалармен қандай бағытта жұмыс жүргізілетінін және мемлекеттік қолдаудың жобаға қалай әсер еткенін көріп қайтты.

Орталық директоры Тұрғынбек Жұлдыз Серікқызының айтуынша, қаржыландырудың негізгі бөлігі ғимаратты сатып алуға, жөндеу жұмыстарына, қажетті жабдықтарды алуға және мамандар санын арттыруға бағытталған.
Орынның бізге үлесі – осы ғимаратты сатып алу, осы көріп тұрған жабдықтардың бәрін алу және жұмыс саласында, әрине, жұмыскерлердің санын көбейту. Оларды да оқытып, осы саланың қандай оқу-ағартулары бар болса, соған үйретіп, мамандарды көбейту жағынан бізге көмегі тиіп отыр, – деді Жұлдыз Серікқызы.

Бүгінде орталықтың қызметін 35 бала пайдаланады. Мұнда балалармен жұмыс екі негізгі бағытта жүргізіледі. Біріншісі – дене шынықтыру және физикалық даму. Екіншісі – академиялық бағыт. Оның ішінде шығармашылық, музыка, сурет салу және тіл дамыту сабақтары бар.

Орталықтың негізін қалаушы Айсұлу Берікқызының айтуынша, спорттық бағытты дамытуға шетелдік тәжірибе де әсер еткен. Оның сөзінше, әр ел аутизмі бар балаларды оңалтуға әртүрлі тәсіл қолданады. Түркиядағы орталықтардың бірінде балалардың физикалық дамуына ерекше мән берілген.
Әр ел аутизмі бар балаларды оңалтуға әртүрлі қарайды. Түркияда, мысалы, спорт бағытына көбірек көңіл бөледі. Біз бұрын сол жаққа барып жүрдік. Велосипед, ролик, үстел теннисі сияқты бағыттардың бәрін сол жерден көрдік. Бір кезде ұлым қаладағы бар мүмкіндіктерден асып кетті. Оны осы бағытта дамыту үшін спорт керек екенін түсіндім. Содан кейін осы тәжірибені осында әкелдік, – деп атап өтті Айсұлу Берікқызы.

Балалардың орталықта болатын уақыты бағдарламаға қарай өзгереді. Кейбір сабақтар екі сағатқа есептелсе, кейбір бағыттарда балалар орталықта төрт сағатқа дейін болады. Орталық мамандарының айтуынша, мұндай тәсіл баланың сабаққа бейімделуіне және бірнеше бағытты қатар қамтуына мүмкіндік береді.

Орталыққа тек аутизмі бар балалар ғана қабылданбайды. Мұнда сөйлеу және даму ерекшеліктері бар балалармен де жұмыс жүргізіледі. Сонымен қатар орталық мамандары баланың жасына ғана емес, оның жеке мүмкіндігі мен қажеттілігіне қарай бағдарлама құрады.
Баланың мұнда бір ай немесе бір жыл болғаннан кейін нақты қандай нәтижеге жететінін бірден айту қиын. Бірақ әр баланың өз мүмкіндігі мен қабілетіне қарай дамып келе жатқанын көріп жүрміз. Оны ата-аналардың бізбен бөлісетін пікірінен, қуанышынан байқаймыз. Балалардың мектептегі нәтижелері туралы мұғалімдерден де естіп тұрамыз, – деді Жұлдыз Серікқызы.

Орталықта қазір 20-дан астам қызметкер жұмыс істейді. Жоба іске асқан кезде бес жаңа жұмыс орны құрылған. Мамандардың қатарында педагогтермен бірге балалардың жеке даму бағыттарымен жұмыс істейтін қызметкерлер бар.
Орталық үшін мамандарды даярлау мәселесі де маңызды. Себебі мұндағы жұмыс тек сабақ өткізумен шектелмейді. Балаларға күнделікті өмірде өздігінен әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға да көңіл бөлінеді.

Негізін қалаушы Айсұлу Маженнің айтуынша, тұрмыстық дағдыларды қалыптастыру орталықтағы жұмыстың маңызды бөлігіне айналған. Балалар ас әзірлеуге, үй жинауға, кір жууға, жеке күтім жасауға байланысты қарапайым әрекеттерді үйренеді.
Біз тіпті комиссиядан өткен кезде де баланың тамақ дайындауы, өзіне қызмет көрсетуі сияқты дағдыларға мән бердік. Сондықтан бізде балалардың тамақ дайындайтын сабағы бар. Мысалы, бүгін қандай да бір тағам дайындайтын болсақ, алдымен мәзір құрамыз, қандай өнімдер бар-жоғын қараймыз, жетіспейтінін тізімге жазамыз. Содан кейін балалар жақын жердегі дүкенге барып, тізім бойынша қажетті заттарды сатып алады. Қайтып келіп, тамақ дайындайды, бірге тамақтанады, кейін үйіне апарып, ата-анасына ұсынады, – деді ол.

Бұл бағытта арнайы тұрмыстық орта да жасалған. Мәселен, балалардың ыдыс жуғыш машинаны пайдалануы да сабақтың бір бөлігі ретінде қарастырылады. Мұндағы мақсат – баланың орталықтағы дағдыны үй жағдайында да қолдануына мүмкіндік беру. Айсұлу Маженнің айтуынша, бұл тәсіл баланы күнделікті өмірде мүмкіндігінше дербес әрекет етуге дайындауға бағытталған.

Орталықта осы бағытқа арнайы арналған бөлек жоба да бар. Qadam Life жобасы әлеуметтік-тұрмыстық дағдыларды дамытуға бағытталған. Онда балалар тамақ дайындау, үй жинау, кір жуу, тіс тазалау, киіну және жуыну сияқты күнделікті әрекеттерді үйренеді.
Бұл жобаны орталық өкілдерінің айтуынша, қала әкімдігі мен «Аспек» ұйымының қолдауымен іске асыруға мүмкіндік болған.

Балалардың орталықтағы сабақтары тек академиялық біліммен шектелмейді. Мамандардың мақсаты – балаға күнделікті өмірде қажет болатын әрекеттерді біртіндеп меңгерту.
Аутизм туралы қазір көп нәрсе түсінікті бола бастады. Жалпы оларды көп нәрсеге үйретуге болады. Мәселе – оны дұрыс үйретіп, сол дағдыларды тұрақты түрде қалыптастыруда. Сондықтан біз балаларды мүмкіндігінше дербес болуға дайындауға тырысамыз, – деді Айсұлу Берікқызы.

Орталықта балалардың жасы бойынша қатаң 18 жасқа дейінгі шектеу қойылмаған. Мұнда жасөспірімдермен қатар 19-20 жастағы жастардың ата-аналары да қызмет алу үшін хабарласады. Бағдарлама баланың қажеттілігіне қарай таңдалады.

Орталық қызметі ақылы негізде көрсетіледі. Жоба жекеменшік болғандықтан, шығындардың негізгі бөлігі ата-аналардың төлемі есебінен жабылады. Бұл қаражат мамандардың еңбегіне, ғимаратты ұстауға және орталықтың күнделікті жұмысына жұмсалады.

Жоба аясында 301,4 шаршы метр ғимарат сатып алынып, жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қажетті жиһаз бен жабдықтар алынған. Қаржыландырудың бір бөлігіне «Даму» қорының кепілдігі де қолданылған – оның сомасы 27,2 млн теңгені құрады.
Жаңа кеңістіктің іске қосылуы орталыққа қызмет бағытын кеңейтіп, мамандар санын көбейтуге және балаларға арналған сабақтарды бір ғимаратта ұйымдастыруға мүмкіндік берген.

Бүгінде орталықта спорт, шығармашылық, тіл дамыту және академиялық сабақтармен қатар, балалардың күнделікті өмірде өздігінен әрекет етуіне қажетті дағдыларды қалыптастыруға басымдық беріліп отыр. Жобаның келесі кезеңі – қызмет түрлерін әрі қарай дамыту және орталыққа келетін балалардың қажеттілігіне қарай жаңа бағыттарды енгізу.
Бұған дейін мемлекеттік қолдаудың арқасында жұмысын кеңейтіп жатқан астаналық ет өңдеу цехы мен жылу және су жабдықтарын шығаратын кәсіпорын туралы жаздық.
Ең оқылған:
- 1 қазаннан бастап Қазақстанда не өзгереді?
- Өз шотына миллиондар аударған: Қазалыда балабақша есепшісіне қатысты тергеу басталды
- Мектепте телефон қолдануға қатысты жаңа талап бекітілді: Оқушылар нені білуі керек?
- – 4°С үсік пен қатты жел: Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа райы күрт бұзылады
- Астанада қызды көлігімен қағып, оқиға орнынан кетіп қалған жүргізуші анықталды
Жанерке Жәкен