- Мұқаба
- Жаңалықтар
- 10 тоннадан 50 тоннаға дейін: Астанадағы ет өңдеу цехы қалай жұмыс істейді?
10 тоннадан 50 тоннаға дейін: Астанадағы ет өңдеу цехы қалай жұмыс істейді?
Астанадағы ет өңдеу цехы тәулігіне 10 тонна өнім шығарып отыр. Кәсіпорын мемлекеттік қолдаудың арқасында өндіріс қуатын 50 тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
29 Қыркүйек 2026, 19:49
Астанада жылына 18 мың тоннаға дейін дайын өнім шығаруға есептелген жаңа ет өңдеу кешені іске қосылды. Жоба елорданың индустриялық аймағында мемлекеттік қолдау шараларының көмегімен жүзеге асқан. BAQ.KZ тілшісі өндіріс орнына барып, кәсіпорынның жұмысы және оны іске қосуға көрсетілген қолдау шараларымен танысып қайтты.

«Астана ЕТКОМ» ЖШС-нің құрылтайшысы әрі иесі Фархад Мадалиевтің айтуынша, компанияның тарихы осыдан шамамен 20 жыл бұрын Максимовка ауылындағы шағын өндірістен басталған. Осы уақыт ішінде кәсіпорынның қызмет аясы кеңейіп, жинақталған тәжірибе жаңа өндірістік алаңға көшірілген.
Индустриялық аймақта ет өңдеу кәсіпорнын салу бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асырдық. Мемлекет тарапынан барлық инженерлік желілері тартылған жер телімі берілді. Жобалау мен құрылыс жұмыстарының барлық кезеңінде де қолдау көрсетілді. Бұдан бөлек, қолданыстағы режим аясында бірқатар салықтан босатылдық, – деді Фархад Мадалиев.

Жобаны қаржыландырудың негізгі құралдарының бірі – жеңілдетілген кредит. Кәсіпкердің айтуынша, мемлекеттік бағдарлама аясында компания жылдық 6% мөлшерлемемен 4,5 млрд теңге көлемінде несие алған.
Банк арқылы "Даму" қорының көмегімен 4,5 млрд теңге көлемінде 6% мөлшерлемемен жеңілдетілген кредит алдық. Бұл қаражат жаңа өндірісті салуға және қажетті жабдықтарды орнатуға бағытталды, – деді ол.

Қазір кешеннің құрылысы аяқталып, жабдықтар орнатылған және өндіріс іске қосылған. Дегенмен кәсіпорын әзірге жобалық қуатында жұмыс істеп жатқан жоқ. Кәсіпорын тәулігіне шамамен 10 тонна өнім шығарады. Ал жобалық көрсеткіш – тәулігіне 50 тоннаға дейін. Компанияның жоспарына сәйкес, өндіріс көлемі алдағы екі жылда біртіндеп ұлғайтылуы тиіс.

Кәсіпорын басшысының айтуынша, жаңа алаңның іске қосылғанына бір жарым айдай уақыт болған. Осы кезеңде өндіріс жобалық қуаттың шамамен 20%-ына жеткен.
Қазір тәулігіне шамамен 10 тонна өнім шығарамыз. Бір жарым айдың ішінде жобалық қуаттың 20%-ына жуық деңгейге жеттік. 2027 жылы 80%-ға, яғни тәулігіне шамамен 40 тоннаға шығуды жоспарлап отырмыз. Ал 2028 жылы тәулігіне 55 және одан да көп тонна өнім шығаруға ниеттіміз, – деп атап өтті Мадалиев.

Осылайша, қазіргі көрсеткіштер кәсіпорынның түпкі өндірістік қуатын емес, жаңа кешеннің өндірісті біртіндеп арттыру кезеңінде тұрғанын көрсетеді.
Жобаның тағы бір бағыты – өндірісті автоматтандыру. Кәсіпорында қаптаушы робот орнатылған. Кәсіпкердің айтуынша, жабдықты іске қосу және ретке келтіру жұмыстары қазан айында жүргізіледі.

Бұл ретте автоматтандыру жұмысшылардың еңбегін толық алмастыруды білдірмейді. Керісінше, қызметкерлердің бір бөлігі жаңа жабдықпен жұмыс істеуге оқытылып жатыр.
Бұл – роботтармен жұмыс істеудегі біз үшін алғашқы тәжірибе. Қазір қызметкерлерді оқытып жатырмыз. 20-ға жуық адам тиісті дайындықтан өтті. Алдағы уақытта бәрі жоспардағыдай болса, автоматтандыруды жалғастырғымыз келеді. Бұл ең алдымен қызметкерлеріміздің біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді, – деді ол.

Кәсіпкердің сөзінше, жаңа өндірістік алаңды іске қосу мамандарды даярлау мәселесін де алға шығарған. Себебі Астанада ет өңдеу саласы бойынша дайын кадрлар қоры жеткілікті деңгейде қалыптаспаған.

Жаңа нысанда 300-ден астам жұмыс орны құрылды. Оның ішінде өндірістік жұмысшылармен қатар технологиялық, зертханалық және басқа да бағыттағы мамандар бар.
Бізге тек жұмысшыларды тарту жеткіліксіз. Жаңа жабдықпен жұмыс істейтін, технологиялық процесті түсінетін мамандар қажет. Сондықтан қазір қызметкерлеріміздің біліктілігін арттыруға басымдық беріп отырмыз, – деді Фархад Мадалиев.

Өндірісте қолданылатын шикізат отандық жеткізушілерден сатып алынады. Атап айтқанда, сиыр еті Қостанай және Ақмола облыстарынан, ал құс еті жергілікті құс фабрикаларынан жеткізіледі.

Кәсіпорын өнімін өткізу аумағын да біртіндеп кеңейтіп келеді. Қазір өнім Астана, Алматы, Павлодар, Қостанай, Петропавл және Қарағанды қалаларындағы ішкі нарықта сатылып жатыр. Компания алдағы уақытта Қазақстанның басқа өңірлеріне де жеткізуді ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар сыртқы нарыққа шығу жұмысы басталған. Фархад Мадалиевтің айтуынша, өнімнің алғашқы сынақ партиясы Ресейге жөнелтілген. Бұдан әрі Таяу Шығыс елдерінің нарығына шығу мүмкіндіктері қарастырылады.

Өндірістің жаңа алаңға көшуі кәсіпорынның бұрыннан қалыптасқан тәжірибесін жаңа технологиялық мүмкіндіктермен ұштастыруға жол ашқан. Қазір компанияның алдында тұрған негізгі міндет – өндіріс көлемін жоспарланған көрсеткіштерге дейін кезең-кезеңімен жеткізу.

Кәсіпорын қаржыландыру алу үшін кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың бір тетігін пайдаланған. «Даму» қорының Астана қаласы бойынша өңірлік филиалының директоры Светлана Назарюктің айтуынша, жеңілдетілген қаржыландырудың негізгі бағыттарының бірі – өндіріс пен өңдеу саласындағы жобаларды қолдау.
Біз өндіріс пен өңдеуді қолдауға басымдық береміз. Сонымен бірге әр бағдарламада қызмет түрлері мен қаржыландыру көлеміне қатысты белгілі бір талаптар бар. Өндірістік жобалар белгіленген шарттарға сәйкес келген жағдайда, ірі көлемдегі қолдау құралдарын пайдалана алады, – деді Светлана Назарюк.

Оның айтуынша, жеңілдетілген кредит берумен қатар, кәсіпкерлер пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кепілдік беру тетіктерін де пайдалана алады. Соңғысы кәсіпкердің кредит алуға жеткілікті кепіл мүлкі болмаған жағдайда қолданылуы мүмкін.
Бұл жоба жағдайында мемлекеттік қолдау өндірісті қаржыландырумен қатар, жаңа өндірістік базаны құруға мүмкіндік берген. Енді кәсіпорын өндіріс көлемін кезең-кезеңімен арттырып, жоспарланған қуатына шығуды көздеп отыр.

Еске сала кетейік, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова Үкімет отырысында ет бағасына қатысты болжамын айтты. Оның пікірінше, сиыр етінің күрт қымбаттауына негіз жоқ.
Ең оқылған:
- «Қаза болды» деген ақпарат тарады: Қорғаныс министрлігі екі матросқа қатысты мәлімдеме жасады
- 1 қазаннан бастап Қазақстанда не өзгереді?
- Қар және боран: Қазанда Қазақстанда ауа райы қандай болады?
- Юрий Мельниченко Азиада чемпионы атағынан айырылған Ясмина Тоқсанбаеваға үндеу жасады
- Мұғалімдер күніне ұстазға не сыйлауға болады?
Жанерке Жәкен