Жамбыл облысында қымыз өндірісіне мемлекеттік қолдау қажет

11 Мамыр 2019, 09:39
4334
Бөлісу:
Жамбыл облысында қымыз өндірісіне мемлекеттік қолдау қажет

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысындағы Жуалы ауданы халқының 70%-ға жуығы қымыз өндіреді. Мұндағы әр отбасы кем дегенде 4-5 бас жылқыдан бағады. Тұрғындар бұл іске машықтанып алғаны сонша, кәсіби маманданып алған. Ал осы ауданнан жасалатын ұлттық сусын өңірдегі брендке айналған. 

«Біздің ауылымыз жылқы малын ұстауға өте қолайлы. Жайылымымыз жайлы, әрі отты. Көпшілігіміз қылқұйрықтыны бағудың қыр-сырын әбден меңгеріп алғанбыз. Енді біз жекелеп емес, бірігіп, кооператив құрсақ деген жоспарымыз бар. Қазіргі кезде осы бағыттағы жұмыстарды бастап кеттік», – деді Жуалы ауданының тұрғыны Меруерт Көпбаева. 

Жылқышылар мал басын көбейтіп, қымыз өндіруді кеңейту мақсатында кооперацияға бірікті. Оған бүгінде 28 адам тіркелген. 

Ортақ іске жұмылғандардың ішінен бастапқыда бие сүтін қабылдап, цех ашатын кәсіпкер де табылған. Жеңілдетілген несие алу үшін қажетті құжаттарын да әзірлеген. Алайда, бар шаруа өндіріске қажетті қондырғылардың мемлекет тарапынан субсидияланбауына келіп тірелген сыңайлы. 

Кәсіпкер Қазыбек Әлжаппарұлы қымыз шығаратын жабдық 20 миллион теңге тұратынын айтады. Оны алу үшін субсидия болмаса, қымызды өңдеу, шығару және сату тиімсіз болады екен. 

«Қазір сүт, ет бағытындағы несиелер беріліп жатыр. Алайда, қымыз өндірісі үшін былтыр несие болған жоқ. Мұны Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары қымыз бағытында өңдеуші өнеркәсіптің жоқтығымен түсіндіреді. Біз әкімшілік тарапынан ұсыныс тастадық», – деді Шақпақ ата ауылдық округінің әкімі Нұрбақыт Тілегенов.

Өзгелердің жаңалығы